Лондонда ирландық суретші Мэри О’Конордың «Шай және сұхбат» атты Қазақстан туралы альбомының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінде қазіргі заманғы көркемөнердің өкілі ирландық суретші Мэри О’Конордың «Шай және сұхбат – Орталық Азия шетелдіктердің көзқарасымен» атты альбомын таныстыру рәсімі өтті. Басылымда Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, мәдени-тарихи ескерткіштеріне, діни нысандарға арналған авторлық суреттер мен мәдени-рухани мұра туралы бірқатар мақалалар, соның ішінде қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбаев пен қазіргі заманғы әдебиет өкілдері шығармаларының аудармалары жарық көрген.
Британдық тарап Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасымен, заманауи үрдістер мен қоғамдық үдерістермен танысты. Басылымның авторы Мэри О’Конор ұлттық бірліктегі және қоғамдық келісімдегі жетістіктерді және бұл саладағы қазақстандық тәжірибені, әртүрлі халықтар мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік нығайтуда және тұрақтандыруда Қазақстанның қосқан үлесін аса жоғары бағалады.
Кітап сатылымынан түскен барлық қаражатты суретші Мэри О’Конор балалар үйінде тұрып жатқан мүгедек балаларға көмек ретінде қазақстандық «Дара» қайырымдылық қорына аударды.
«Егемен-ақпарат».