Суицид – мінез-құлық ауытқуы. Дегенмен, қазіргі таңда өзіне өзі қол салу біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның мінез-құлқы болып табылады. Сондықтан өзіне өзі қол салуға қатысты әрекет мінез-құлықтың бұзылу формасының ең шегі дейміз.
Міне, осы орайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында суицидтердің алдын алу үшін психологиялық жағдайдың жасырын нысандары мен аспектілерін тану керек болған көрінеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған мемлекеттік күзет басқармасының психолог-испекторлары «Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында суицидтік көріністердің алдын алу» тақырыбы бойынша семинар-кеңес ұйымдастырды. Көмек алу үшін аталған кеңеске түрлі діни конфессиялардың өкілдері мен ШҚО ІІД психолог-инспекторлары шақырылды. Сондай-ақ, іс-шараға ММКБ басшылығы және полиция батальондары мен Ұлан және Глубокое аудандарындағы полиция взводтарының жеке және басшы құрамы қатысты. Олардың алдында сөйлегендер өмірде болатын түрлі жағдайлардың мағыналық аспектілерін, проблемалық жағдайларды шешудегі қиыншылықтарды шыдамдылықпен өту жолдарын айтты. Оған қоса, эмоциялық тұрақтылық пен тұлғаның дамуында оң серпінге себепші болатын профилактикалық жұмыстың оңтайлы әдістері мен тәсілдерін талқылады, деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі.