Күн сайын Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдері ішкі істер органдарымен бірлесіп, еліміздің барлық қалаларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Ал өткен жылы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 22 жоғалған баланы тауып, жақындарына қайтарған.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері 4 жоғалған баланы тапса, «Шығыс» – 2, «Орталық» – 3, «Батыс» 3 кәмелетке толмаған жеткіншекті ата-аналарымен аман-есен қауыштырған. Жоғалған балалардың көпшілігін елордалық 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тапқан. Олар 10 баланың есен-аман отбасына оралуына себепкер болған.
Өткен жылы елордада тіркелген соңғы оқиғаны алайық. Патрульдік топтың бастығы кіші сержант Азамат Кәрімов пен қатардағы жауынгер Сұңғат Жүкенов 6 қазан күні кешке маршруттарды тексеруге шығады. Қонаев-Достық көшелерінің қиылысындағы бағдаршамға келгенде олар жалғыз өзі жүрген мектеп оқушысын көреді. Оқушы «Бәйтерек» монументінің жанында үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалып қойған көрінеді. Адасып кетіп, қатты қобалжып тұрған бала өзінің нақты қайда тұратынын да айта алмаған. Сондықтан ұландықтар оны жақында орналасқан туристік полиция бекетіне апарады.
Кейіннен сегіз жасар оқушының ата-анасы оны сағат 16.00-ден бастап әлеуметтік желілер арқылы іздей бастағаны белгілі болады. Қаланың қалың нөпірінің ішінде адасып кеткен бала бірінші сыныпта оқиды екен. Сол күні оқушы ағасын мектеп жанында күтпестен өз бетінше ертерек кетіп қалған көрінеді.
Оқиға орнына келген анасы мен әкесі ұлдарының аман-есен табылғанына қуанып, Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғыстарын білдірді.
Дәл сол күні кешкісін Қошқарбаев көшесінің бойында құрамында қатардағы жауынгер Мұрат Қаржауов пен патрульдік Алпамыс Нәби мен Саржан Қылышбай бар әскери жасақ 10 жасар қызды байқап қалады. Балдырған қосымша сабақтан шыққаннан кейін жолдан адасып қалған. Тәртіп сақшылары қыздың әкесінің телефон нөмірін анықтап, хабарласып, өздері тұрған жерді айтады.
Біраз уақыттан кейін азамат айтылған мекенжайға келіп, әскери қызметшілерге, сондай-ақ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің қолбасшылығына алғысын білдірді.
«Балалардың жоғалу дерегі көбіне жазда жиі кездеседі. Әсіресе, қалалық саябақтарда, мереке орындарында, отбасылық демалыс кезінде балалар қараусыз қалып қояды. Балалар әдетте бірнәрсеге алаңдап ата-аналарынан ажырап қалады, кейде басқа жаққа жүгіріп кетеді. Ата-аналар балаларын өз бетінше таба алмайтын жағдайлар көп. Әскери жасақтар әрқашан жалғыз жүретін балаларға назар аударады. Ұландық жауынгерлер олармен амандасады, сөйлеседі, кіммен жүргендерін сұрайды. Балалар әскери формадағы адамдарға сенеді. Сондықтан олар жоғалып кеткенін немесе үйлеріне қарай жол таба алмай жүргенін жасырмай айтады. Мұндай кездері біз дереу шара қолданып, балаларды жақындарына қайтарамыз. Өйткені бала – әр ата-ана үшін ең қымбаты», дейді Ұлттық ұлан жауынгерлік қызмет Бас басқармасының аға офицері Ермек Тұрғынов.