• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Сәуір, 2022

Сотталғандардың «серігіне» айналған білезік

629 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында жазасын шартты түрде өтейтіндерге және бас бостандығы шектелгендерге электронды білезіктер тағыла бастады. Пробация қызметі талапты орындамайтын сотталғандарды осылайша бақылауға алмақ, деп хабарлайды Egemen.kz СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметіне сілтеме жасап.

Электронды байқау құралы ең алдымен жаза өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылмақ.

Электронды білезікті тағуға мәжбүр болғандардың бірі – Владислав. Жігіт ұрлық жасағаны үшін 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Соның екі жылға жуығын өтеді. Қалған бір жылға электронды браслет оның «серігіне» айналмақ. Пробация қызметінің мамандары талапты жиі бұзған оның аяғына білезікті салып берді.

«Кешкі сағат 19.00-ден кейін көшеге шығуға рұқсат жоқ. Мен оны ескермей достарыммен кездесуге бардым. Енді жүрген-тұрғаным арнайы құрал арқылы бақыланатын болады. Мен бұл жаңашылдыққа қарсы емеспін. Себебі темір тордың ар жағында отырғаннан гөрі бостандықта браслет киіп жүрген анағұрлым жақсы», дейді жазасын өтеуші Владислав.

Жыл басынан СҚО бойынша 1100 сотталған пробация қызметіне есепке алынды, оларды 70 қызметкер бақылайды. Өңірге 144 электронды байқау құралы бөлінді. Бұл браслеттер жаза өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға 2 айдан бір жылға дейін тағылмақ. Егер электронды байқау құралы да тоқтау сала алмаса, шартты жаза нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырылмақ.

«Білезіктің белбеуі оңайлықпен кесілмейді, оның ішінде темір сымы бар. Құрал жеңіл, аллергия тудырмайды. Су өтпейді. Қуаты 2-5 күнге дейін жетеді. Кейін сотталған құралды үнемі қуаттандырып отыруға міндетті. Білезікті таққаннан кейін ол жайында ақпарат планшетте пайда болады. Қайда барғанын, жүргенін бәрін GPRS арқылы көріп отырамыз. Егер ол белгілі бір рұқсат етілген аумақтан шығатын болса, оны инспектор бірден көреді»,  дейді СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бөлім басшысы Дәурен Сәдуақасов.

Бүгінде Петропавлда 295 сотталушы пробация қызметінде есепте тұр. Оның 30-ы талапты жиі бұзатындар қатарында. Ал арнайы құрал 200 мың теңге шамасында тұрады. Егер сотталушылар оны зақымдайтын болса, шығынды қалтасынан өтемек.