• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2014

Риддерде жер асты кенішінің бірі опырылып кетті

309 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында «Қазцинк» компаниясымен еншілес «Altyn Tau-Vostok» ЖШС-іне қарасты жер асты кеніштері бірінің беті опырылып түсіп кетті. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады. Сәуірдің 4-і күні сағат 14:40-та Риддер шаһарының орталығынан үш шақырым қашықтықта жер асты кенішінің опырылып құлап кетуі салдарынан мұнда тереңдігі – 30, диаметрі 70 метрді құрайтын үлкен қазаншұңқыр пайда болды. Осының салдарынан Бурабай көшесіндегі №5 жеке үй аталған қазаншұңқырға түсіп кеткен. Бір жақсысы, үш адам үйден дер уақытында шығып үлгерген. Риддер-Сокольный кенішінде орын алған төтенше жағдайға байланысты жұмыс тоқтатылып, 480 кенші жер бетіне шығарылды. Абырой болғанда, оқиға орнында қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, 500 метр радиуста орналасқан үйлердің барлығы қоршауға алынып, 173 тұрғын көшірілді. Оның ішінде 60 адам «Қазцинк» ЖШС емханасына жатқызылып, қалғаны «Синегорье» демалыс базасына орналастырылды. Оларға ыстық тамақ, медициналық кезекшілік және психологиялық көмек беру жұмыстарымен аталған кәсіпорын шұғылданып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметі бойынша, қазаншұңқыр ернеуінің диаметрі соңғы сағаттарда тағы 5 метрге дейін кеңейген. Оқиға орнында тауда құтқарушылар әскери жасағы, қалалық ішкі істер басқармасы, қалалық су арнасы, жылу-электр орталығы және тағы басқа қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Аталған шахтаның иесі саналатын «Қазцинк» кәсіпорнының басшылығы тұрғындардың барлық шығындарын көтеріп алуға, келесі аптада оларға өтемақы төлеуге уәде берді. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі үйдің қирауы мен алып қазаншұңқырдың пайда болуына кен камераларының біріндегі шатырдың құлауы себеп болғанын жеткізді. Оқиға орнында облыстық прокуратура қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Өнеркәсіптік қалаға жататын Риддердегі жағдайды облыс басшылары бақылауға алып, жергілікті халыққа қажетті көмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Оқиға орнында облыстың жедел штабы құрылып, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов табиғи апаттың салдарын жою және әрі қарайғы іс-әрекет жоспарын анықтау мақсатында жедел жиын өткізді. Жер бетінің тағы да опырылып түсуінен сақтану шаралары қолға алынды. Айта кетейік, соңғы күндері өңірдің төтенше жағдай қызметкерлеріне оңай соқпай тұр. Осыдан екі күн бұрын Жарма ауданында бір тәулік ішінде 10 мың гектар аумаққа жайылған өрт сөндірілген болатын. Бірлік ауылдық округында ауыздықталған өртті сөндіру жұмыстарына 126 өрт сөндіру қызметкері, 17 техника, жергілікті 60 тұрғын, тіпті «Темір жолы» мекемесінің өрт сөндіру пойызы да қатысты. Думан Анаш. Шығыс Қазақстан облысы.