Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) Төрағасы Нұрлан Әбдіров 4 наурызда Ақтөбе облысында саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарымен, өңірдің сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 320 адам қатысты, деп хабарлады ОСК-ның баспасөз қызметі.
Кездесуде сайлау жүйесі мен сайлау процестерін реформалау, сайлау институтына сенім деңгейін арттыру мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар сайлау заңнамасын жетілдіруге, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезінде оның құқықтық тұрғыдан қолданылуына, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Жұртшылық Мəжіліс пен мəслихаттар депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін енгізуді алға тартты. Бұдан басқа, электронды цифрлы қолтаңба технологияларын пайдалана отырып, электронды дауыс беру мүмкіндігінің перспективалары туралы мəселе көтерілді.
Сондай-ақ қатысушылар ұлттық байқаушыларды оқытуды жүйелі түрде жүргізуді ұсынды, өйткені қоғамдық байқау арқылы сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етіледі.
Н.Əбдіров ОСК сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде тəуелсіз байқаушыларды электораттық оқыту бойынша тиісті шаралар қабылданып отырғанын атап өтті.
2022 жылғы қаңтардан бастап Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамында электораттық оқыту орталығы жұмысын бастады. Осы жылы өңірлерде электораттық оқытуды одан əрі жүзеге асыру үшін Қазақстанның барлық өңірлерінен 11 нысаналы топ бойынша 700-ден астам басқаларға оқу жұмыстарын жүргізетін адамдарды оқыту жоспарлануда. Дайындықтан өткендер өңірлердегі өздерінің нысаналы топтарының өкілдерін каскадты əдіспен оқытады.
ОСК төрағасы Ақтөбе облысындағы мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдармен де кездесті. Кездесу мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тең қоғам» əлеуметтік қолдау орталығында өтті. Кездесуді аша отырып, төраға ОСК-ның маңызды міндет терінің бірі мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сондықтан осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. 2017 жылдан бастап ОСК жанында мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы қызмет етіп келеді.
Сонымен қатар Нұрлан Əбдіров Мемлекет басшысының бастамасы бойынша сайлау заңнамасында партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде енді мүгедек адамдарды əйелдер жəне жастармен қатар міндетті 30%-дық квотаға қосу жөніндегі норма көзделгенін атап өтті.
Қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ төрайымы Құралай Байменова мүгедек жандардың қоғамдық ұйымдары өкіл дерінің көпшілігі мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға жағдай жасау мəселелері бойынша сайлау органдарымен белсенді өзара іс-қимыл жасауды қолға алып, сонымен қатар сайлауды қоғамдық байқау жұмыстарына қатысып отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар белсенді жəне бəсең сайлау құқығын іске асыру, мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау учаскелерінің қолжетімділігі жəне оларды жарақтандыру, сонымен бірге Брайль қарпін қолдана отырып, арнайы визуалды, графикалық материалдар жасау бойынша бірқатар мəселені көтерді.
«Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ басшысы Алмас Жантекенов ОСК-ның осындай пікір алмасуды ұйымдастырып отырғаны жөніндегі жұмысына оң баға берді. Оның пікірінше, мұндай шара Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» саясаты аясында тең мүмкіндіктер қоғамын құрудың пəрменді қадамдарының бірі болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Н.Əбдіров мүгедек жандардың қоғамдық ұйымдарының өкілдеріне ашық сұхбаттары үшін ризашылығын білдіріп, ОСК мұндай тұлғалардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін одан əрі жетілдіре беретінін атап өтті.