• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2022

ШҚО-да үйлерін су басқан тұрғындар эвакуацияланды

271 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында су басқан үйлерден 36 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бородулиха ауданындағы Үбе өзенінде су деңгейінің көтерілуі және мұз кептелуі салдарынан Речное ауылының тұрғындары эвакуацияланды.

- 9 сәуір күні таңертең көтерілген су әуелде 2 үй мен 3 үй маңындағы аумақты басты. Құтқарушылар 50-ден астам малды қауіпсіз жерге көшірді. 16 тұрғын, оның ішінде 2 бала туыстарының үйлеріне орналастырылды. Жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар мұз кептелген учаскеге аэровизуалды мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, мұзды қопсыту мақсатында жарылыс жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Барлығы 2347,5 келі жарылғыш заттар қолданылды. Жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 6067 шаршы метрді құрады, - делінген ақпаратта.

20 сағат ішінде су деңгейі тағы көтеріліп, үйлерге кіре бастаған. Қазіргі уақытта барлығы 8 үй су астында қалды. Құтқарушылардың бақылауымен тұрғындар дереу үйлерінен көшірілді. 9-10 сәуір күндері 36 тұрғын, оның ішінде 10 бала туыстарының үйіне орналастырылды.

Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан 69 адам, 2 жүзу құралы, 11 мотопомпа және 8 техника, жергілікті атқарушы органдардан 20 қызметкер және 8 техника жұмылдырылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан үйлерден тонау фактілерін болдырмау үшін полицейлер кезекшілік етуде.

Қазіргі сәтте өзенде су деңгейінің төмендеуі байқалады.