Мұнай бағасы қымбаттаса, Ұлттық қорға деген тәуелділік төмендейді. Үміт артқан осы жоспар тағы алыстап барады. Үкімет жиынында биылғы шығынды жабуға Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге ақша алынатыны айтылды. Бұған дейін 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру деңгейі 87,5 млн баррель болатыны жоспарланған еді. Ендігі меже 85,7 млн баррельмен шектеледі.
Бюджеттің бет түзер құбыласы мұнай бағасы екені белгілі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте өткен жиында мұнайды өндіру 2 млн баррельге төмендегенімен, жоғары баға есебінен өтемақы жүріп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне орай сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлануына байланысты халықаралық қаржы ұйымдары осы жылы әлемдік ІЖӨ-нің өсу перспективаларының төмендеуін күтуде. S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсірді.
«Мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы барреліне 98 доллар болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын 74-105 доллар аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды», деді Ұлттық экономика министрі.
Осыған байланысты Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жұртты сабырға шақырып, қысқаша түсініктеме беріпті. Яғни бұл қаражаттың барлығы да халықтың жағдайын көтеруге бағытталған. Бірінші кезекте қаржылық құны 197 млрд теңгеге бағаланған әртүрлі іс-шара іске асырылады. Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, бизнес ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй төлемінің бір бөлігін субсидиялау сынды жобалар жүзеге асырылады. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қосымша 238 млрд теңге бөлінді. «Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға жұмсалады. Үшіншіден, өңірлерге қосымша 476 млрд теңге қаржы қарастырылды. Аталған шығыстардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57 пайызы батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған. Бұл – аса маңызды шаруа. Себебі қуатты өңірлерсіз мемлекет болмайды. Ең бастысы, инфляцияның деңгейінің өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 110 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ қаңтар оқиғасында зардап шеккен бизнеске, азаматтарға қаржы қарастырылған. Яғни Ұлттық қордың қаржысы тек азаматтар үшін жұмсалады. Өз кезегінде, әрине, Үкімет бюджеттің түсімін ұлғайту мақсатында жұмыс атқаратын болады», деп жазды Р.Желдібай.
Сарапшылардың айтқанына ден қойсақ, Үкіметтің бюджет мәселесіне қайта оралуына мұнай өндіру деңгейінің төмендегені себеп болып отыр. Осы тұста 2021 жылдың бюджетіне ойша оралсақ, мұнай бағасы шамамен 60 доллар көлемінде белгіленген болатын. Ал 2021 жылы мұнай бағасы шамамен 100-120 доллар, доллар мен теңге дәлізі шамамен 370-430 доллар айналасында болды. Бұл қаржы мемлекеттік бюджеттің дербестігін көтеруге жететіндей-ақ қаржы болатын. Бірақ айналып келгенде, мұнай қымбат болса да жағдай қырық құбылып, Ұлттық қорға тағы да қол создық.
Осыған дейін ел бюджетіне мұнайдан түсетін түсім өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артуы мүмкін деген пікірлер көп айтылған. Бұған себеп те бар. Brent маркалы мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы барреліне 90 доллардан жоғары болды. 2020 жылы пандемияға байланысты бюджет түсімі 40 пайызға арзандап кетті. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш керісінше, 30 пайызға өсті. 2021 жылдан бастап мұнай бағасы 90 доллардың айналасынан алыстаған жоқ.
Сарапшы Бейсенбек Зиябеков Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың «Бізде жоғары баға есебінен өтемақы жүріп жатыр» деген пікіріне назар аудару қажеттігін айтты. Еліміз мұнай, темір, көмір, астық тәрізді шикізат ресурстарын шетелге тек доллармен сатады. Мұнай бағасының бір жыл бойы бюджетте белгілеген шектен қымбат бағаны ұстап тұруы бюдждеттің қосымша тыныс алуына мүмкіндік беруге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Үкімет мәселені шешу үшін тағы да Ұлттық қорға қол салды, мұнай бағасына тәуелді екенімізді жасыра алмадық. «Біз мұнайдан басқа темір, көмір, астық экспорттаймыз. Оның бәрі шетелдік валютамен сатылады. Былтыр доллар бюджетте белгіленген 60 доллардан әлдеқайда жоғары болды. Демек министр айтып отырғандай, бюджетке жоғары баға есебінен өтемақы беру мәселесінде айқындылық болса, бюджеттің Ұлттық қорға деген тәуелділік деңгейі төмендеп, бюджеттің тапшылығы шикізат экспортының жоғары баға есебінен толықтырылып отырар еді», дейді Б.Зиябеков.
Оның айтуынша, 1990 жылдары шетелдік инвесторлармен арадағы келісімшарттардың бізге тиімсіз тұстарының зардабы тым ауыр болып шықты. Соның ең бастысы, мұнай-кен орындарындағы қазақстандық үлестің тым аздығы. Ашығын айтқанда, біз мұнай түсімімен емес, сол шетелдік компанияллардың мемлекетке төлеп отырған салығымен бюджетті толықтырып отырмыз. «Мұнай бағасына қатысты бюджетке жоғары баға есебінен өтемақы беру мәселесінің мемлекеттік деңгейде ашық айтылуының өзі жетістік. Осыған дейін шетелдік компаниялардың жыл сайын қанша баррел мұнай игеретіні туралы мәліметтер ашық айтылмайтын. Тіпті мұнайдың бізге тиесілі сегментінен түсетін түсімнің өзі алдымен шетелдік корреспонденттік шоттарға аударылып, содан кейін Ұлттық қорға түседі. Біз елімізден кетіп жатқан мұнай экспорты туралы мәліметтерді солардың берген деректері арқылы біліп отырамыз. Үкімет алдағы уақытта мұнай түсімі, баға айырмашылығы туралы мәліметтердің Ұлттық қорға түсу тетігін ойластыруы керек. Сол кезде ғана баға айырмашылығындағы өтемақы туралы мәселе ашық айтылады», дейді Б.Зиябеков.
Яғни бюджетті талқылаған кезде негізгі экономикалық параметрлерді сақтауға барынша басымдық берген маңызды. Мысалы, мемлекеттік қарыздың шекті мөлшері ІЖӨ-нің 25 пайызынан, Ұлттық қор арқылы бюджет тапшылығын қаржыландыру ІЖӨ-нің 2 пайызынан аспауға тиіс. Сол кезде Ұлттық қорға деген тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтып, мұнай бағасындағы қысқа мерзімді құбылмалыққа қарсы тұрып, бюджетті мазалай беруді тоқтатамыз.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, шетелге экспорттап отырған мұнайымыз бренд маркасына жатпайды. Сондай-ақ мұнай мен теңгенің байланысын тұрақты деуге болмайды. Оның теңгеге әсері де тым сезімтал емес. Қазір Brent (Brent Crude Oil) бағасы 107,59 доллар болса, бізде шығарылатын CPC (Caspian Pipeline Consortium) маркалы мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыры арқылы Новосібірге барып, ары қарай әлемдік биржаға кетеді. Егер, Brent (Brent Crude Oil) маркалы мұнай 127 доллар болса, CPC маркасы 70-80 доллармен сатылуы мүмкін. Brent (Brent Crude Oil) бағасы 107,59 болса, CPC 50-60 доллардың айналасында. Демек мұнайымыз әу бастағы бағадан қатты алыстап кеткен жоқ. А.Олжаев түсіндіріп өткендей, елімізге қатысты санкциялар жоқ болса да географиялық-логистикалық шығындарға тәуелдіміз. Мұнай бағасы әлемдік нарықта қымбаттаса да біздің мұнай бұрынғы бағада сатылады», деп түсіндірді А.Олжаев.
Тіпті Ұлттық қорға түсетін мұнай түсімінің де белгілі бір трансфері бар. Басқаша айтқанда, мұнайдан түсетін түсімнің бәрін алуға Ұлттық қордың да құқы жоқ. Шетелдік қаржы көздерінен елге келген мұнай түсімі Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк арқылы реттеледі. Қысқасы, теңгеге қатысты проблема осы екі институттың қалыпты қызметіне көбірек тәуелді.
«Бұл мұнай қымбаттаса мұнайдан түсетін пайда да өседі, пайдаға батып қаламыз» деген пікірдің тек аңыз екенін көрсетеді. Мұнай түсімінің Ұлттық қордан артылған мұнай түсімі трансфері сол қорды басқарып отырған компаниялардың активтеріне айналады. Демек қымбат мұнай бағасы мен Ұлттық қор немесе бюджет арасында тікелей байланыс жоқ», деп түйіндеді А.Олжаев.
АЛМАТЫ