Семей қаласындағы қос мұнаралы Орталық мешітте ҚМБД-ның өкіл имамы Мақсат Алтыбай қала тұрғыны Айдархан Боранбаевқа, Малайзия мемлекетінен арнайы тапсырыспен алынған зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі Құранды сыйға тартты.
Айдархан Боранбаев Алматы қаласындағы зағип жандарға арналған бейімдеу орталығынан брайль тәсілінде құран үйреніп білім алған болатын. Өкіл имам өз сөзінде: «Бабаларымыз «көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман» деп бекер айтпаған, көздері көре тұра Құранды оқымағандар үшін бұл – үлкен ғибрат алатын іс. Осы алған біліміңді толықтырып, өзің сияқты зағип жандарға осы Құранды үйретуді Алла нәсіп етсін», – деді.
Айдархан Боранбаев өкіл имамға және Тас мешіттің бас имамы Нұрбек Нәдірұлына, білім алуына қол ұшын берген азаматтарға өзінің жүрекжарды тілегі мен ризашылығын білдірді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.