• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Қаладағы қазаншұңқыр Риддер тұрғындарын үрейлендірді

1000 рет
көрсетілді

Риддер қаласында «Қазцинк» компания­­­сымен еншілес «Altyn Tau-Vostok» ЖШС-іне қарасты жерасты кеніштері бірінің беті опырылып түсіп кетті. Шаһар орталығынан үш шақырым жерде орын алған бұл оқиға орнында тереңдігі – 30, диаметрі 70 метрді құрайтын үлкен қазаншұңқыр пайда болды. Бурабай көшесіндегі №5 жеке үй аталған қазаншұңқырға түсіп кеткен. Тұрғындар үйден дер уақытында шығып үлгерді. Анастасия Татарникова сәбиімен үйде отырып, табанының асты дірілдегенін сезген соң далаға шыққан екен. Қорыққан жас ана сыртқа шыққанда үйінің бір шеті қазаншұңқырға ілініп тұрғанын байқаған. Сәлден соң үй опырылып, жер қыртысымен бірге апанға аунап түскен. Бұл аралықта Анастасия үйдегі қызы мен қажетті құжаттарын алып үлгеріпті. Риддер-Сокольный кенішінде орын алған төтенше жағдайға байланысты жұмыс тоқ­татылып, 480 кенші жер бетіне шыға­рылды. Абырой болғанда, оқиға орнында қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, 500 метр радиуста орналасқан үйлердің барлығы қоршауға алынып, 173 тұрғын көшірілді. Оның ішінде 60 адам «Қазцинк» ЖШС емханасына жатқызылып, қалғаны «Синегорье» демалыс базасына ор­наластырылды. Оларға ыстық тамақ, психо­логиялық көмек беру және медициналық кезекшілік ұйымдастыру жұмыстарымен аталған кәсіпорын шұғылданып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметі бойынша, қазаншұңқыр ернеуінің диаметрі тағы 5 метрге дейін кеңейген. Оқиға орнында тауда құтқарушылар әскери жасағы, қалалық ішкі істер басқармасы, қалалық су арнасы, жылу-электр орталығы және тағы басқа қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Аталған шахтаның иесі саналатын «Қазцинк» кәсіпорнының басшылығы тұрғындардың барлық шығын­дарын көтеріп алуға, оларға өтемақы төлеуге уәде беріп отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департа­ментінің баспасөз қызметі үйдің қирауы мен алып қазаншұңқырдың пайда болуына кен камераларының біріндегі шатырдың құлауы себеп болғанын жеткізді. Оқиға орнында облыстық прокуратура қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Риддер қаласының прокуратурасы тұрғын үйді жұтып қойған апандай қазаншұңқырдың пайда болуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 245-бабының екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, техно­гендік апатқа байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Өнеркәсіптік қалаға жататын Риддердегі жағдайды облыс басшылары бақылауға алып, жергілікті халыққа қажетті көмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғас­тыруда. Оқиға орнында өңірлік жедел штаб құрылып, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов табиғи апаттың салдарын жою және әрі қарайғы іс-әрекет жоспарын анықтау мақсатында жедел жиын өткізді. Қалыптасқан жағдайға байланысты Рид­дердегі көпқабатты үйлердің тұрғындарын да мазасыздық билеген. Алайда, «Қазцинк» ЖШС өкілдерінің айтуынша, көпқабатты секторда жерасты үңгу жұмыстары жүргізілмеген. Кә­сіпорынның бас кеншісі Валерий Завьялов жер астындағы үңгу жұмыстары негізінен қаланың ескі ауданына жататын жеке тұрғын үй секторы, Ботаника, «Қазцинк» профилакто­риясы, ескі базар аумағында жүргізілгенін айтады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». РИДДЕР.