«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындағы қойылымдар мен концерттердің билеті заманауи онлайн үлгісінде сатыла бастады.
«Астана Опера» театры билетті сатудың электрондық жүйесін іске қосты. Билеттер саудаға билеттік оператор Biletbar.kz арқылы түсетінін, билетті сату жөніндегі виджет театрдың сайтында орналасқанын хабарлаған театрдың баспасөз қызметі, сондай-ақ кассадан және интернет арқылы сатып алынатын билеттердің бағасы бірдей болатынын ескертті. Билетті сату ережесі бұрынғыша қала бермек. Мысалы, билетті басқаға айырбастай алмайсыз және кері қайтару да мүмкін емес.
Аталған жобаны жүзеге асыру Негізгі залдың да, Камералық залдың да қойылымына билетті сатып алу жолын жеңілдетеді әрі ыңғайландыра түседі. Билетті қай жолмен сатып алсаңыз да барлық сатылым бір жүйе арқылы жүзеге асатындықтан, бір орынға билетті әртүрлі сауда нүктесінен сату мүмкіндігіне жол берілмейтінін айта кеткен жөн.
Билетті сату жүйесі ашық түрде жүргізіледі. Сатылған әр билет жүйеде тіркелетіндіктен оны өз күшіңмен немесе бағдарлама арқылы өшіру және өзгерту негізсіз. Сондай-ақ, билетті қолдан жасау сияқты алаяқтық әрекеттердің жолы күні бұрын кесіліп отыр. Әр билет орны, қатары, қалай және қай уақытта алынғаны жайында нақты сатып алу дерегі бар QR кодпен қамтылған. Залға өтерде осы код арнайы құралдың көмегімен сканнан шығарылып, ақпарат оқылады, осылайша билет тексеруден өтеді.
Айта кетейік, смартфоны және планшеттік құрылғысы бар адамға билетті басып шығарудың қажеті жоқ, өйткені, электрондық билет опциясы іске қосылып отыр.
«Егемен-ақпарат».