«Егемен Қазақстан» газетінде ежелден қалыптасқан бір жақсы үрдіс бар. Ол редакцияда істейтін қызметкерлердің мемлекеттік мекемелерге, өзге басылымдарға басшы болып ауысып жататыны. Сондай бір жаныңды жадыратар сүйінші хабар қасиетті Әулиеата өңірінен жетіп отыр.
Бас басылымның Жамбыл облысындағы тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы өңір айнасы саналатын «Ақ жол» газетіне бас редактор болып бекітіліпті. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, алған тақырыбын жан-жақты зерттеп, зердеден өткізіп, тереңінен қайнап шыққан бастау суындай мөлдіретіп жазатын әріптесіміздің бұл өсу баспалдағына егеменқазақстандықтар үлкен ілтипат танытуда.
Көсемәлі Сәттібайұлы – қарымды журналист қана емес, талантты жазушы, ондаған кітаптардың авторы. Ол – қаламгерлер арасында беделі биік, аузы дуалы, сөзі уәлі азамат. Әр жақсы істі қуанышпен қабылдап, сәттілік тілеп отыруды үрдіске айналдырған бас басылым журналистері әріптесінің жаңа қызметіне табыс тілеп, барған ұжымының ұйытқысы, жұрттың сыйлысы болсын деген жүрекжарды шын тілектерін білдіреді.
Егеменқазақстандықтар.