• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Мәдениет пен өнерге ынта жоғары

382 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Қабылдау барысында Ұлттық мұ­ражайды ашу мәселелері, ЭКПО-2017 ха­лықаралық көрмесіне дайындықтың мәдени аспектілері, сондай-ақ, министр­­лік қызметінің басты бағыттары тал­қыланды. Мемлекет басшысы республикада 8 мың жергілікті және 39 республикалық мәдениет мекемесі жұмыс істейтінін, олардың рөлі күннен күнге ұлғайып келе жатқанын атап өтті. – Соңғы 10 жылда театрға келушілер саны – 50 пайызға, музейге келушілер – 25 пайызға, кітапханаға келушілер – 40 пайызға, концерт залдарына келушілер – 100 пайызға, кинотеатрға келушілер саны 400 пайызға көбейді. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының артқанын және мәдениетке, білімге деген ынтаның өскенін білдіреді. Соған байланысты осы саладағы кадрларды сапалы даярлау, қызметтің бірыңғай тәжірибелерін әзірлеу мәселесін қарастырған жөн. Әр облыста мемлекет қаржыландыратын 2 театрдан бар. Бүгінде халық арасында олардың қандай жұмыс жүргізетініне, мәдени салмағы мен қызметінің сапасы қаншалықты екендігіне көбірек көңіл аударған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті жұмысы күшейтілуге тиіс бірқатар бағыттарға тоқталды. – Азаматтық қоғаммен ынтымақтасу, мемлекеттік тіл үйрететін аккредиттелген орталықтар желісін құруды жалғастыру қажет. Әлеуметтік тап­сы­рыстар аясында барлық шығар­ма­шылық одақтармен, Қазақстан хал­қы Ассамблеясымен, Дүние­жүзі қазақ­тарының қауымдастығымен, «Бола­шақ» бағдарламасымен жұмысты жан­дандыру керек. Әлеуметтік маңы­зы бар әдебиеттерге келсек, халық­қа қызықты, мазмұны сапалы шығар­ма­лар­ды шығаруға назар аудару қажет. Біз жазушыларға шығармаларын ба­сып шығаруы үшін қаражат бөліп отыр­ған жалғыз мемлекетпіз. Шығар­ма­лар ел­дің ішінде де, сыртында да біз­дің мә­дениетіміздің рөлін арттыруға бағыт­талуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. А.Мұхамедиұлы Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларының іске асырылуы, соның ішінде Мәдени саясат және халықаралық жүйемен ық­палдастықтың ұзақ мерзімді тұжы­рымдамасының әзір­лену барысы туралы баяндады. Бұған қоса, министр Тілдерді дамыту және олардың қызметі жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы туралы мәлімдеді. Мәдениет министрі ведомство ал­ды­на қойылған міндеттердің бірі қоға­мымыздың рухани дамуы екенін атап өтті. Қазақстанда қазірдің өзінде  шеберліктің биік деңгейін көрсетіп жүрген «Астана Опера» опера және балет театры, ұйғыр, корей және неміс театрлары, басқа да мә­дени мекемелер бар. Осы орайда негізгі міндет – оларды халықаралық деңгейге шығару. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.