• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2022

Қарағанды облысында 6 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

294 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құраған. Мұның өзі республикалық көрсеткіштен айтарлықтай төмен, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы 2022 жылдың алғашқы тоқсанында облыста 6058 адам жұмысқа орналастырылыпты. Бұдан бөлек өңірдің жұмыспен қамту қызметіне аталған мерзім ішінде 7136 тұрғын жүгінген.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 6058 адамның жұмыспен қамтылғанын айтады. Оның ішінде 3,3 мың үміткер бос орындарға жолдама алған.

– Атап айтқанда, «әлеуметтік жұмыс орындарына – 294, қоғамдық жұмыстарға 2310 адам орналастырылды. Жастардың өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін өңірдің 118 тұрғыны пайдаланды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша екі жас маман шеберлігін арттыра алды. «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 20 адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарламаны 29 жастан аспаған жастар пайдалана алады. Мысалы олардың қатарында жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер, жұмыспен қамту орталығында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз деп танылған жастар, соның ішінде NEET санатындағылар бар, – деп атап өтті Ә.Жүніспекова.

Өңірдегі «Ұрпақтар келісімшарты» атты жоба зейнеткерлік жасқа толса да  еңбек етіп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған.

Сонымен қатар биылғы қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшері ұлғайтылды. Нақтырақ айтсақ «Жастар тәжірибесі» алты айдан бір жылға дейін созылады. Олардың еңбекақсы шамамен 30 АЕК (91 890 теңге) мөлшерінде болады. Ал «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 12 айдан 18 айға дейін жұмысқа орналасуға кепілдік берілген жастар да айына жоғарыдағы сома көлеміндегі жалақымен қамтамасыз етілмек.

Зейнеткерлік жасқа жақындаған жұмыссыз адамдарға арналған «Күміс жас» жаңа жобасын биыл 534 адам пайдалана алады. Бұлардың еңбекақысы мемлекет тарапынан жыл бойы субсидияланатын болады. Ай сайынғы субсидия мөлшері – белгіленген жалақының 50 пайызына тең. Яғни салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банктік қызметтер үшін өтемақыларды ескере келе «Күміс жас» жобасын пайдаланушылар 30 АЕК көлемінде жалақы алатын болады.

Әсем Жүніспекова жаңа жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты басталатынын жеткізді.

– Бүгінде жұмыс берушілер мен зейнеткерлік жасқа жақындаған тұлғаларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру туралы ақпараттандыру үшін өңірде жылжымалы мобильді жұмысқа орналастыру пункттері жұмыс істейді, – деп мәлімдеді ол.