• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Қамданбаған қапы қалады

286 рет
көрсетілді

Солтүстікқазақстандық диқандар биыл 4 миллион 340 мың гектар алқап­қа дәнді дақылдар себуді межелеп отыр. Жыл өткен сайын астық өндірісін әртараптандыруға баса назар аударылып, майлы дақылдар көлемі артып келеді. Міне, көктемнің екінші айы да басталып, Жер-ананы бусандырған күннің нұрлы сәулесі қарбаласқа толы дала жұмыстарының жақындап қалғанын сездіреді. Аймақ басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде жауапты науқанға әзірлік барысы қаралды. Онда облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының бас­шы­сы Серікбай Тұралинов егіс ал­қа­бының құрылымы мен тұқым түр­леріне қарай берілетін мемле­кеттік де­меуқаржы жайлы жан-жақ­ты айтып берді. 1,5 миллион гектардай алқапқа қар тоқтату жұмыстары жүргізіліп, ылғал қорын жинақтаудың озық тех­нологиясы қолданылған. Шаруа­шылықтар 520 мың тонна тұқыммен қамтамасыз етіліп, себу өнгіштігі 1,2 сұрыпқа жеткізілген. Оның ішінде 9,9 мың тонна майлы дақылдар тұқымы құйып алынған. Көктемгі дала жұмыстарының сапалы орындалуы машина-трактор паркіне көп байланысты десек, бұл тұрғыда да ауқымды шаралардың атқарылғаны аңғарылады. Былтыр 17 миллиард теңгеге заманауи техника бірліктері сатып алынса, биыл да «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың лизингтік қол­дауына сүйеніп отыр. Жыл өткен сайын ауылшаруашылық техникаларына сервистік қызмет көрсету ахуалы жақсарып келеді. Жанар-жа­ғармай мәселесінің ойдағыдай шешілетін түрі бар. Қажетті 71 мың тонна дизель отынымен, 11 мың тонна бензинмен, 3,2 мың тонна мотор майымен қамтамасыз ету мақсатында операторлармен алдын ала келісім жасалған. Биыл Үкімет тарапынан егіншілік саласын қаржыландыру жайының әлдеқайда жақсарғаны байқалады. Мем­лекеттік қордан 10,9 миллиард теңгенің бөлінуі осы сөзімізге дә­лел болса керек. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 4 миллиард теңгеге көп. Жанармайдың әр литрін 95 теңгеден босату көзделсе, дақылдар үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген субсидия мөлшері диқан қауымының көңілінен шыққан сыңайлы. Мәселен, рапстың әр гектарына 12 мың теңге берілетін болса, тамшылатып суару технологиясын қолданған жағдайда 75 мың теңге демеуқаржыны иеленеді. Жергілікті қазынадан қарастырылған қара­жаттың 432 миллионы элиталы тұқым сатып алуға бағытталмақ. 1 тамыздан осы жоба­ны қаржыландыру тоқталатынын ескерсек, игілікті шара өз жемісін берері анық. Енді, керісінше, бірінші репродукциялық тұ­қымға ғана демеуқаржы беріледі. Гербицид бағасының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2,3 миллиард теңге жұмсалады. Ми­не­ралды тыңайтқышқа қарастырылған қар­жы мөлшері де осы шамалас. Оларды жет­кізумен отызға жуық фирма айналысады. «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акцио­нерлік қоғамдарына ауылшаруашылық тауар­ларын өндірушілерден несие алуға 150-ден астам өтініш түскен. Бүгінге дейін 2,5 мил­лиард теңге берілген. Самат Сапарбекұлы көктемгі егіске дай­ын­дық найқалуды күтпейтінін, ұйым­дас­ты­ру жұ­мыстарын одан әрі ширатуды тиісті орын­дарға тапсырды. Ауыл шаруашылығы техни­каларының әзірлігі 90 пайызды құра­ғанына қарамастан машина-трактор паркінде морал­ьдық, материалдық жағынан тозған техникалар әлі де кездеседі. Мысалы, трак­торлардың – 79, комбайндардың 54 пайы­зы ескірген. Ар­қа­ны кеңге салған базбір жаб­дық­таушы опера­торлардың ісі сын көтермейді. Соның сал­дарынан Тайынша, Уәлиханов аудандарымен бірде-бір келісім жасалмаған. Кей аг­роқұрылымдарда сапалы тұқымның же­тіс­пеушілігі орын алған. Фитопатологиялық тал­дау барысы көрсеткендей, өсімдік ауруларын болдырмау шараларын кешенді жүргізбей болмайды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.