Санкция әлі бітпеген екен. Батыс күн аралатып жаңа санкциялар легін жариялап жатыр. Ресей экономикасы мен қаржы секторын күйретпей қоймайтын қуатты шектеулер. Әрі соғыс бітіп, ел мамыражай шаққа оралды деген күннің өзінде оңайлықпен алына қоймас тыйымдар. Ресейдің мойнына қазір кигізіліп жатқан қамыт жақын жылдарда шешіле қоймас. Айтпақшы, санкцияның күрзі соққысы біздің нарықта жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктерді де соғып өткенін айталық.
АҚШ 6 сәуірде Ресейдің екі банкі – «Сбербанк» пен «Альфа-Банк» АҚ-ға қатысты санкциялар ауқымын кеңейтті. АҚШ Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) шешімімен бұл банктер және олардың еншілес ұйымдары, оның ішінде Қазақстанда орналасқан ұйымдары SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізілген. Енді бұдан былай АҚШ қаржылық мекемелерін қоса алғанда, АҚШ иелігіндегі немесе АҚШ тұлғалары бақылауындағы немесе АҚШ юрисдикциясы шегіндегі барлық меншік және меншіктегі мүдделер бұғатталады.
Бұдан басқа, бір немесе бірнеше бұғатталған адамға тікелей немесе жанама, жеке немесе жиынтығында, 50 немесе одан көп пайызға тиесілі кез келген адамның бүкіл мүлкі және мүліктегі үлестері де бұғатталады. Тиісінше, АҚШ тұлғаларына, оның ішінде АҚШ қаржылық мекемелеріне, егер бұл ұйымдар OFAC-тан босатылмаса немесе уәкілеттік берілмесе, олармен операциялар жасауына тыйым салынған.
OFAC Альфа-Банкпен 2022 жылғы 6 мамырға дейін, Сбербанкпен 2022 жылғы 13 сәуірге дейін мәмілелер аяқтау мерзімін белгіледі. Демек осы екі банктің клиенттері АҚШ долларымен төлем және аударым операцияларын жасай алмайды. Дегенмен, ұлттық валюта арқылы банк ішіндегі операцияларды ешқандай шектеусіз жүзеге асыра береді. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ахуалға орай пікір білдірген.
«Атап айтқанда, Альфа-Банкке қатысты енгізілген санкциялар бірқатар уақытша шектеуге әкелді. Банк жеке және заңды тұлғалар үшін АҚШ долларындағы және еуродағы аударымдарды тоқтата тұрды. Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалар үшін банкоматтар мен POS терминалдардың меншікті желісінен тыс Visa және MasterCard карталарының жұмысы тоқтатыла тұрды. Альфа-Банк уақытша жеке және заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақша алуға және аударым жасауға лимиттер енгізді, кредиттер беруді тоқтатты. Альфа-Банкті қоспағанда, басқа банктердің карталарымен заңды тұлғалар үшін POS-терминалдардағы төлемдерді қабылдау тоқтатылды.
Бұл ретте клиенттер банкоматтардан қолма-қол ақша алып, жедел төлем жүйесіне (ЖТЖ-не) қатысушы банктерге телефон нөмірі бойынша мобильді қосымшадағы ақшаны теңгемен және тәуліктік лимит шегінде басқа банктерге шот деректемелерін аудара алады. Коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс және басқа да қызметтер үшін төлемдер тәуліктік лимит шеңберінде штаттық режімде өтеді. Жалпы алғанда, Ресейдің еншілес банктері клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындайды, оның ішінде салымдарға, кредиттерге қызмет көрсету, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және беру бар. Бұл банктер – депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары. Сондықтан азаматтар қаражатының сақталуына кепілдік береді», делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша, Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және оларға әсер етпейді.
«Қазақстанның банк секторы капиталдың және өтімділіктің елеулі қорына ие – 16 трлн теңге немесе активтердің 42,3 пайызы. Мұндай әлеует банктерге ағымдағы сыртқы экономикалық күйзелістерді сіңіруге мүмкіндік береді. Биыл жыл басынан бері банктердің жиынтық активтері 148 млрд теңгеге немесе 37,8 трлн теңге көрсеткішіне дейін 0,4 пайызға өсті. Меншік капиталы 96 млрд теңгеге немесе 2,1 пайызға өсіп, 4,6 трлн теңгені құрады. Екінші деңгейлі банктер капиталы мен өтімділігінің нормативтері заңнамада белгіленген ең төменгі мәндерден бірнеше есе асып түседі. Бұл банктерге штаттық режімде жұмыс істеуге және халық пен корпоративтік клиенттер үшін үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді агенттік өкілдері.