Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев «Агробизнес-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Оған министрліктің Экономикалық интеграция департаментінің директоры Айна Біржанова мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы Иван Сауэр де қатысып отырды. Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, соңғы он жылда еліміздің ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Қазіргі уақытта ел тұрғындарын негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету қанағаттанарлық. Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2011-2013 жылдары ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80 пайызды құрап тұр екен. Мысалы, өңделген күріш, ас қызылшасы, бидай ұны, нан секілді азық-түлік түрлерімен ел тұрғындарын қамтамасыз ету 100 пайыздан да асып жығылатын көрінеді. Саладағы жетістіктерді тізбелеген жауапты хатшы артта қалған он жылға да ой жіберді. «Егер 2001 жылы біз шамамен 480 млрд. теңгенің өнімін өндірсек, 2013 жылы 2,5 трлн. теңгенің азық-түлігін шығардық. Сөйтіп, 12 жылда 5 есе өсімге қол жеткіздік. Осының бәрі отандық өндірістің көрсеткіші екенін нақтылап айтамыз. Осыған қарағанда, саланың инвестициялық тартымдылығы еселеп артып келеді», деді А.Евниев.
Жауапты хатшы өткен жыл ауыл шаруашылығы үшін өте сәтті жыл болғанын айтты. Былтыр қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде шаруашылық салаларын дамытудың 15 шеберлік-жоспары жасалып, олардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Нәтижесінде, сүтті қайта өңдейтін өндіріс үшін шикізат тапшылығы мәселесін шешу бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардан сүтті жинау үшін 200 дайындау пункттерін жасақтау мақсатына инвестициялық субсидия бөлу шарасы қарастырылып жатыр екен. Жалпы, осы шараға 2020 жылға дейін 563 млн. теңге жұмсау көзделіпті. Сондай-ақ, ет өніміне алдағы 6 жылда 398 млн. ал ірімшік пен сары май өндірісі үшін шикізатты сатып алуға 42, қант өндірісіне 10 млрд. теңгені субсидиялау шаралары жоспарланыпты. Бұған қоса, ондаған кәсіпорындар жаңарып, жаңғыртылатыны туралы сөз болды. «Біз мемлекеттік қолдаудың соңғы жылдары қабылданып жатқан барлық шараларының жағымды динамикасын көрудеміз. 2001 жылмен салыстырғанда 2013 жылы біз жалпы өнім өндірісінің 5 есе артуын тіркедік. Атап айтқанда, мал шаруашылығында 4,5 және өсімдік шаруашылығында 5 есеге артты», деді жауапты хатшы.
Оның сөзіне зер салсақ, мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі, өсімдік шаруашылығы өнімдерінен асып түсіпті. Бұрын мұндай жағдай болмаған көрінеді. Осы жетістікті тілге алған А.Евниев, «2013 жыл бағдарлама үшін үлкен жол ашылған жыл болды. Осы уақытта оның заңнамалық және институттық негізі салынды», деп түйіндеді сөзін.
Десе де, журналистер таяуда ғана Сенаттың пленарлық отырысы барысында сенатор Қ.Баймаханов ауыл шаруашылығы тауарлары импортының өсіміне алаңдаушылық танытқанын алға тартты. «Ресейге 15 мың тонна ет сатамыз дейсіздер, сөйте тұра 15 мың тонна етке квота бересіздер. Сала министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылық тауарларының экспорты 14 пайызға қысқарған, ал импорт 7 пайызға өсіпті», деген еді сенатор.
Депутат жылқы еті де өзімізде жеткілікті екенін айтып, «Импорт көлемі 50 пайыздан асатын тауарлардың ішінде күріш те бар. Ол 89 пайызды құрапты. Қызылорда облысының екі Қазақстанға жететін күріші бар ғой. Неге осыған кедергі қоймайсыздар? Қызылордада 360 мың тонна күріш өндірілсе, оның 200 мың тоннасы ақ күріш. Бұл 17 млн. емес, 47 млн. халыққа еркін жетеді емес пе?», деген еді халық қалаулысы. Министрліктің жауапты хатшысы сенатордың бұл пікірімен келіспейтінін айтты. Сөйтіп, нақты сандарды тағы да алға тарта сөйледі. Маңызды 29 азық-түлік түрінің тек 6 түрі бойынша ғана отандық тауар үлесі 80 пайыздан кем екенін алға тартты. «Олар – қант, құс еті, сары май өнімдері екенін жақсы білесіздер. Енді осы позицияларға «Агробизнес» бағдарламасында басымдық беріп, үлкен көңіл бөлеміз. Жоспарлар әзірленіп, субсидиялау жүйесі бойынша тиісті қаржы бөлініп жатыр. Осы бағыттардағы өсім динамикасын бақылап отырмыз. Биылғы 17 қаңтарда заң қабылданды, онда бұрын-соңды болмаған іс-шаралар бойынша тиісті өзгерістер енгізілді», деді А.Евниев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».