«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдері қатысуымен өткен дөңгелек үстелде осындай ұсыныс жасалды.
Мұндай пікір білдірген «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамаз Ширановтың айтуынша, мектептерде, орта буын оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясы үлгісінде ұйым құрудың маңызы зор. Сонда жеткіншектердің өздерінің қызметін еш кедергісіз, ешкімнің араласуынсыз-ақ белсенді жүргізуіне мүмкіндік ашылып, бұл өз кезегінде достық пен бауырмалдыққа ерте бастан баулуға үлкен ықпал етер еді. Р.Ширановтың ұсынысы жылы қабылданды.
Кіші ассамблеяның бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан сан ұлт өрендерінің патриоттық, отаншылдық сезімін көтеру, ортақ рухани байлықты бағалау, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, ана тілді аялау сияқты игі іс-шараларға ұйытқы болатыны тағы анық. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен түсіністікті біріктіруде рөлі үлкен екеніне көз жетуіне орай қоғамдағы ынтымақтастық мәдениетін жас ұрпақ бойына сіңіріп, азаматтық ұстаным қалыптастыруда жеткіншектер үшін үйренер үлгі бары аталды.
Сөйтіп, мектептер жанынан кіші ассамблеялар құрыла бастайтын болды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.