Қазақстан Республикасы Парламентінің Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясындағы делегациясының жетекшісі – Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, сенаторлар Владимир Бобров пен Орынбай Рахманбердиев ЕКПА-ның жыл сайынғы сессиясына қатысуда. Шара Страсбургте өтуде.
Сессия аясында Еуропа Кеңесі Адам құқы жөніндегі комиссары Нилс Муйжниекс, Австрияның Федералдық президенті Хайнц Фишер сөз сөйлейді. Еуропа Кеңесінің парламентшілері Қырғызстан Жогорку Кенешінің «Демократия жолындағы әріптес» мәртебесін беру туралы сауалын, Еуропадағы аз ұлттардың жағдайы мен құқықтарын, киберкеңістікті пайдаланушылар қауіпсіздігін жақсарту, интернетке қол жеткізу құқықтарын, Еуропадағы босқындар мен адам саудасы мәселелерін талқылайды. Депутаттар сондай-ақ, Азаматтық туралы Еуропалық конвенцияны тиімді іске асыру қадамдарын қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.