• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Сәуір, 2022

Шағын бизнеске несиенің шарапаты тие ме?

339 рет
көрсетілді

Жыл санап Қазақстанда шағын бизнес қажеттілігі сезіліп келе жатыр. 1 наурыздағы жағдай бойынша елдегі шағын кәсіпкерлік нысанының саны 349 мыңға таяп қалған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,6 пайызға жоғары. Соңғы бес жылда көрсеткіш 47,3 пайызға өскен. Санға шақсақ, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын жаңа 112 мың компания нарыққа келіп қосылған.

Кәсіпкерліктің шағын нұс­қасын дамыту тұрғысынан әзірге өзге өңірлер Алматының қарқы­нына ілесе алмайды. Мегаполисте 86,8 мың шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан (63,4 мың) мен Қарағанды облысы (23,2 мың) тұр. Дегенмен, Ranking барлық ай­мақ­та шағын кәсіпкерлік нысан­дары­ның жылдық қарқынды өсімі бай­қала­ды деп мәлімдейді. Негізінен мұн­дай нысандар автожөндеу және көтерме-бөлшек сауда (92,7 мың), құрылыс (46,5 мың), кәсіби, ғы­лы­ми және техникалық қызмет сала­сы (23,9 мың), білім (21,3 мың) және өңдеуші өнеркәсіп (17,6 мың) салаларында қызмет атқарады.

«Ел қаншалықты дамыған са­йын шағын бизнес те сонша­лық­ты экономиканың қозғаушы күшіне айнала түседі. Шағын кәсіпкерліктің күшті орнықты сегменті өңірлердің экономикалық базасын нығайтып, бәсекені да­мыту жолында жайлы орта қалып­тастырады. Сонымен қатар халық­ты жұмыспен қамтуға, өндіріс көлемін арттыруға жол ашады. Мұның бәрі айналып келгенде жалпы экономикалық процестің жандана түсуіне, әсіресе дағда­рыс және дағдарыстан кейінгі кезеңдерде ес жиюға ерекше ық­пал етеді», деп жазады Ranking.

Мемлекеттің соңғы бірнеше жыл бедерінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ықылас қоюы тегін емес. Қазір ШОБ бүкіл әлемдегі жұмыс орындарының 70 пайызын, сондай-ақ жаһандық ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 50 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, Ұлыбритания ІЖӨ-сіндегі ШОБ үлесі 51 пайызға жетсе, бұл көрсеткіш Германияда – 53, Финляндияда – 60, Нидерландта 63 пайызға жеткен. Тіпті көршілес Өзбекстанда шағын бизнес (орта бизнесті есепке алмағанда) елдің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызына жетіп қалған. Қазақстандағы көрсеткіш қандай? Бізде 2021 жылдың қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша, ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 34,7 пайызға аяқ іліктірген. Әлбетте, мұны айтулы жетістік деп бағалауға келмес. Оның үстіне шағын бизнестің қа­ғаз бетінде және шын өмірде қалай дамып жатқанын көпшілік ша­ма­лап болса да біледі. Осы 34,7 пайыздың өзін негізінен санаулы өңір ғана беріп отыр. Атап айтар болсақ, жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құнының үлесі төрт аймақта ғана орташа республикалық деңгейден асып түседі: елордада – 74,9, Алматыда – 51,4, Шымкентте – 43,2 және Алматы облысында 36,7 пайыз. Өзге өңірлерде жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі өте төмен. Әсіресе, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында ШОБ шаруасы шат­қаяқтап тұр. Бұл аталған ай­мақ­тардың даму деңгейінің төмен­дігінен де хабар береді.

«Қаржыландырудың төмен деңгейі және банк займдары­ның қолжетімді болмауы елдегі шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік бермей отыр. Мысалы, биыл ақпанда шағын бизнестің несие портфелі 3,6 трлн теңгені құрады. Алайда биыл және өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар есебінен секторда өсім байқалса, оған дейін шағын компанияларды несиелеу көлемі жылдан-жылға қысқарған еді. Пандемия жылдары несиелеу көлемінің өсуіне қарамастан, екін­ші деңгейлі банктердің жалпы несие портфеліндегі шағын бизнеске берілген несие үлесі 19,4 па­йызды құраған. Бұл 2002 жылғы көрсеткіштен де төмен. Жалпы алғанда, мемлекет негізі қалан­ғалы бері шағын биз­несті несие­леу деңгейі несие порт­фелі­нің 10-25 пайызы шегінде бо­лып отырған. Соңғы жылдары көр­сеткіш бұдан да төмендеп кетті», деп ақпар береді сарапшылар.

Шағын бизнеске банктер берген несиенің 72 пайызы үш өңірге ғана тиесілі болып шықты. Олар – Алматы (50,4 пайыз), Нұр-Сұлтан (17,2 пайыз) және Шымкент (4,2 пайыз) қалалары. Қалған аймақтарда көрсеткіш 4 пайызды да маңайламаған. Бұл жағдай өңірлердегі шағын бизнестің банк қолдауын сезіне алмай отырғандығын айғақтайды. 2018-2019 жылдары екінші дең­гейлі банктерге шағын бизнес тара­пынан 15,8 және 15 мың өті­ніш келіп түсіпті. Ал пандемия жыл­дарында шағын кәсіпкерлік тара­пынан займ сұрау өтініші 697,4 мыңға (2021 жылы) бір-ақ өскен. Осыншама өтініштің тым аз бөлігі мақұлданады. 2018-2019 жылдары 15 мыңдай өтініштің 57 пайызы ғана мақұлданса, 2020 жылы 110 мыңнан астам өтініштің 36,6 пайызына ғана мақұлдау бе­ріл­­ген. 2021 жылы көрсеткіш одан әрі төмендеген. 700 мыңға жуық өтініштің 31,7 пайызына ға­на несие ұсынылыпты. Шығын­ға қа­ра­ғанда орта және ірі кәсіпкер­лік­тің айы оңынан туып тұр. 2021 жы­лы банктер орта кәсіпкерлік та­рапы­нан берілген өтінімнің 44,8 па­йы­зына, ірі кәсіпкерлік өтінімінің 54 пайызына оң қабақ танытқан.

Шешім қабылдау кезінде тәуе­кел­дерді бағалаудың скоринг­тік жүйесінің пайдаланылуы ша­ғын бизнеске займ беруге қа­тыс­­ты мақұлдаудың тым төмен дең­­гейіне себеп болып отыр. Ұлт­тық банк осындай уәж айтады. Со­ны­мен қатар жеңілдетілген не­­сиелеу бағ­дар­ламалары аясын­да ин­вес­тиция­лық жобаларға бөлінген қар­жы көлемін банктер толық көлем­де игермейді. Сондай-ақ займ алу процедурасының шек­тен тыс бюрократияға толы болуы және кепілдік беру міндет­темесінің талап етілуі де шағын бизнестің несие алуына шектеу болып отыр.

«Айта кету керек, Қазақстанда шағын бизнесті қаржыландырудың басқа да тетіктері бар. Бұл ретте микроқаржы ұйымдарын атаймыз. МҚҰ-лардың әлдеқайда қолжетімді өнімдері жұмыс істеп тұрған және жаңа басталған биз­нестің аяққа тұруына үлкен қолдау беруде. Жыл сайынғы қарыз порт­фелінің өсімі де өнімдерге деген қолжетімділікті растай түседі. Жыл басында 696,5 млрд теңге көлемінде микронесие берілген. Бір жылда 65,8 пайызға өскен. Банк сегментіне қарағанда өсім динамикасы біршама тұрақты – соңғы бес жылда МҚҰ-лардың қарыз портфелі 7 есе өсті. Бұл сек­тордың қарқынды дамып жат­қанын көрсетеді», дейді Ranking.

Шағын бизнеске несие ұсы­нудың жылдық өсімі тұрғысынан Solva микроқаржылық ұйымы көш бастайды. Былтырдан бері банк атануға талаптанып жүрген ұйымның несие беру көлемі соңғы бір жылда 25,7 млрд теңгеге артып, жалпы көлемі 61,4 млрд теңге көлемінде несие берген. Қазір бұл компания ШОБ, ЖШС және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға да жаңа өнімдер ұсыну бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Займдар кез келген мақсатқа беріледі. Со­ның ішінде кепілсіз түрде айна­лым қаражатын толықтыруға қар­­жы ұсынуын айтуға болады. Екін­ші орында 161,7 млрд тең­ге­мен KMF компаниясы тұр. Бұл ком­п­а­нияның жылдық өсімі 25,3 млрд теңгеге ұлғайған. МҚҰ ша­ғын және орта бизнес нысандарына, одан бөлек агросекторға да бел­сен­ді түрде несие береді. Үздік үш­тікті Freedom Finance Credit түйін­дейді. Бұл компанияның жыл­дық несие портфелі 21,6 млрд теңгеге көбейген.