Қазақстанның Иордан Хашимит Корольдігіндегі елшісі және Ливанда елшілік қызметті қоса атқарушы Болат Сәрсенбаев Ливанда жұмыс сапарымен болды. Сапары аясында дипломат Ливан Премьер-министрі Таммам Салямның қабылдауында болды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Б.Сәрсенбаев Т.Салямды Премьер-министр лауазымына тағайындалуымен және Ливанның жаңа үкімет құрамын сәтті қалыптастырғанымен құттықтады. Қазақстандық дипломат еліміздің барлық салалардағы қарқынды дамуына, сондай-ақ, халықаралық аренадағы жетістіктеріне аса мән бере отырып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы әңгімелеп, еліміздің 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасымен таныстырды.
Б.Сәрсенбаев Ливан Премьер-министріне Қазақстан тарапының VII Астана экономикалық форумына қатысу туралы шақыру хатын табыс етті.
Өз кезегінде Т.Салям Қазақстанның жеткен жетістіктерін жоғары бағалай отырып, перспективалы салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетуге мүдделілігін танытты. Сонымен қатар, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын аса көлемді, терең мағыналы, қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын және болашаққа бағытталған бағдарлама екеніне назар аударды. Ливандық саясаткер елімізде ұйымдастырылуы жоспарланып отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбына зор қызығушылық таныта отырып, ливандық тараптың қазақстандық көрмеге қатысуға мүдделі екенін жеткізді.