• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Сәуір, 2022

Экономиканың өсуі 4,4%-ға дейін жеделдеді

382 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдегенін атап өтті. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалады. «Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,8%-ға дейін артты. Салалар арасында көлік және қоймалау (9,3%-ға өсім), құрылыс (8,6%-ға), сауда (8,0%-ға), сумен жабдықтау (7,7%-ға), өңдеу өнеркәсібі (6,5%-ға), ақпарат және бай­ла­ныс (6,4%-ға), тау-кен өнеркәсібі (6,1%-ға), ауыл шаруашылығы (1,8%-ға) оң өсім көрсетіп отыр», деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. Барлық өңірде оң өсім тіркелді. Ең көп өсім Алматы қаласында (18,0%-ға өсу), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (14,4%-ға) және Атырау облыстарында (14,3%-ға) байқалады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өндіріс тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1%-ға, газ өндіруде 8,2%-ға, шикі мұнай өндіруде 7,6%-ға, басқа да пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3%-ға, металл кендері мен көмір өндіруде 1,9%-ға ұлғайды.

Тұрғын үйді пайдалануға берудің өсу қарқыны 7,7 п.т. жақсарды. Барлығы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы қаңтар-наурыздағы көрсеткіштен 0,4%-ға жоғары.

Сыртқы тауар айналымы өсті

Осы жылдың қаңтар-ақпанында сыртқы сауда тауар айналымы 52,5%-ға өсіп, 18,2 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 71%-ға өсіп, 12 млрд долларға дейін жетті. Бұл орайда өңделген тауарлар экспорты 47%-ға артып, 3,5 млрд доллар болды. Тауарлар импорты 6 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 6 млрд доллар деңгейінде қалыптасты.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсу 6 өңірде байқалуда. Олар Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы қаласы, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар және Түркістан облыс­тарында байқалуда. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында байқалуда.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр: Көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізуге кешенді қолдау көрсету, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына тұрақты мониторинг жүр­гізу, тұрақтандыру қорлары арқылы олар­дың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Инвес­торларды тарту және сүйемелдеу бойынша нақты жұмысты барлық деңгейде жандандыру. Тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларын іске асыру шеңберінде еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Экспорт­таушылардың жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету, экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру.

Ведомство басшысының айтуынша, жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов өз баяндамасында биылғы нау­рызда қаржы нарықтарында жоғары құбылмалылық сақталғанын атап өтті.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі наурызда теріс көрсеткішке ауы­сып, 48,3 болды (ақпанда – 50,6). Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өсті. Украина мен Ресей Федерациясының арасындағы қақтығыс аясында экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы (бір айда 23,2%-ға) және дәнді дақылдар (17,1%) бағасының рекордтық өсуі ФАО азық-түлік бағалары индексінің 1990 жылдан бастап ең жоғары деңгейіне алып келді (159,3 тармақ, бұл ақпандағы мәннен 17,9 тармаққа (12,6%) жоғары). 

Ғ.Пірматов берген ақпаратқа сай, шикізат, жанар-жағармай, газдың қымбаттауы аясында еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бо­йынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та ақпанда 40 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді. Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің іске асуына байланысты биыл қолайсыз болады. Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, дамыған елдер, атап айтқанда АҚШ ақша-кредит саясатын жедел күшейтуге көшуде.

Наурызда Қазақстанда инфляция 8,7%-дан 12%-ға дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең жоғары мәнге жетті. Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсуі 10%-дан 15,4%-ға дейін жеделдеді (бір айда инфляция 5,8%-ға өсті). Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағаларының айтарлықтай өсуі байқалды. Наурыздың төртінші аптасының (24-29 наурыз) қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ға дейін өсті. Осы өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында 1,3%, сәуірдің бірінші аптасында 0,9% болып, тұрақтануда. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы наурызда 8,6%-дан 10,9%-ға дейін қымбаттады. Оған теңге бағамының әлсіреуі және азық-түлікке қарағанда төменірек болса да, артық сұраныстың қысымы себеп болды.

Республикалық бюджеттің атқары­луы туралы Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев баяндама жасады. Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алма­ғанда 3 трлн 739 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107,1%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2,6 трлн теңгеге жуық кірістер түсті немесе жоспар 100,7%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 17 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 5 млрд теңгеге, салықтық емес 12 млрд теңгеге асыра орындалды.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 125,7%-ға атқарылды және 1 трлн 125 млрд теңгені құрады. Жоспар 230 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 203 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірде дерлік асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99%-ға, республикалық бюджеттің шы­ғыс­тары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 4 трлн теңгеге жуық шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 млрд теңгені құрады, оның ішінде 5 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 15 млрд теңге.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы 3 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайып, 700,3 млрд теңгені құрағанын айтты. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. «Атап айтсақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 1,2%-ға, сүт өндіру көлемі 1,3%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6%-ға өсті. Бұл ретте, 42,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен қамтамасыз етілді», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2022 жылдың бірінші тоқсанында өңдеуші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 106,5%-ды құрағанын мәлімдеді. «Машина жасау саласы автокөлік құралдарын, трейлерлер мен ашық тіркемелерді, машиналар мен жабдықтарды шығару, өзге көлік құралдарын, компьютерлер, электронды және оптикалық жабдықтарды, электр жабдықтарын өндіру, жөндеу және орнату есебінен 11,3% көлемінде тұрақты өсім көрсетті», деді Қ.Өскенбаев.

Энергетика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақовтың айтуынша, аталған кезеңде мұнай саласында мұнай өндіру және экспорты көрсеткіштері бойынша өсім байқалады. Алдын ала деректер бо­йынша, биылғы қаңтар-наурызда мұнай және конденсат өндіру көлемі 22,7 млн тоннаны немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 107,6%-ды құрады. Оның ішінде мұнай-газ саласының ірі компаниялары бойынша: Теңізде аталған кезеңде 7,3 млн тонна мұнай өндірілді, Қашағанда мұнай өндіру көлемі 4,7 млн тоннаны құрады, Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 3,2 млн тоннаны құрады. Есепті кезеңде 17,6 млн тонна мұнай экспортталды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық.

Есепті кезеңде 15 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 8,2%-ға өскенін көрсетеді. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,9%-ға орындалды.

Көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 212 мың теңге/тонна бағасымен 400 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экономиканың нақты секторының орнықты дамуының нәтижесінде биылғы бірінші тоқсанда ІЖӨ 4,4%-ға өскенін атап өтті. «Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында және елордада барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім бар. Ал Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында екі көрсеткіш бойынша теріс нәтиже тіркелген. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс», деді Премьер-Министр.

Ә.Смайыловтың айтуынша, жалпы ал­ғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды. Алайда бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Себебі бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсуде. Сонымен қатар Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бо­йынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12%-ды құрады. Оған біздің сау­да жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті.

«Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ғылымды қаржыландыру екі есеге көбейді

Үкімет отырысында отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралды. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры К.Закарья баяндама жасады.

Үкімет басшысы барлық ғылыми қызметкерлерді кәсіби мереке – Ғылым күнімен құттықтады.

«Қазақстанда соңғы екі жылда респуб­ликалық бюджеттен ғылымды қаржы­ландыру шамамен 2 есе өсті (2022 жылы шамамен 84 млрд теңгені құрады). Оның үстіне мемлекеттік қаржыны ғылыми жо­баларға бөлу құзыреті ғалымдар­дың өздеріне берілген. Қазіргі кезде қазақ­стан­дық ғалымдардың ғылыми жұмыс­тары көбейіп келеді. Олардың зерттеу еңбек­тері елімізбен қатар, шет мемлекеттерде де лайықты бағаланып отыр», деді Ә.Сма­йылов.

Үкімет басшысының пікіріне қара­ғанда, Қазақстанның коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасы бар 6 елдің қатарында болуы отандық ғылымның әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Пандемия кезінде бұл вакцинаны көптеген азаматтарымыз салдырды, басқа елдерге де жіберілді.

«Біз ғылымға жаңа леп әкелген өз вакцинамызды мақтан тұтамыз! Бұл – шын мәнінде біздің ғалымдарымыздың үлкен жеңісі! Отандық ғылым халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуға тиіс. Ғылым саласындағы бағдар­ламалық құжаттардың барлығы осыған бағытталған», деді Премьер-Министр.

Ғалымдарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ғылымды ведомствоаралық үйлестіру жөніндегі кешенді шаралар «Цифрландыру, ғылым мен инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобада қарастырылған. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарының санын арттыруға, зерттеу институттарының жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді. Жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлінеді. «Біз 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруда жекеменшік қаржының үлесін 50%-ға дейін ұлғайтуымыз керек. АT, медициналық-биологиялық салаларда, агроөнеркәсіптік кешенде, «жасыл» технологияларда, тау-кен ғылымы мен металлургияда 5 ірі ғылыми-өндірістік орталық құрылады», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібін дамыту мен жоғары технологиялық өндірістерді құруда ғылымның рөлі ерекше. Бұл еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізу керек. ҒЗИ мен университеттер, отандық индустрия мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды. Халыққа нақты пайда әкеледі. Ең алдымен, ғылыми жаңалықтарға мұқтаж кәсіпорындарды анықтау үшін маркетинг жүйесін енгізу керек. Ғылым қоры өз жұмысын ғылыми ортаның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға бағыттауға тиіс.

Осыған орай Ә.Смайылов Білім және ғылым министрлігіне биылғы 30 сә­уірге дейін Қазақстан ғылымын дамыту­дың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырым­дамасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жас таланттарды іздеу және олар­ды ғылымға тарту механизмдерін пысық­тауды, зерттеу әлеуеті жоғары ғалым­дардың жаңа буынының ақпараттық базасын жасауды, Ұлттық ғылым академия­сына мемлекеттік мәртебе бере отырып, институционалдық трансформациялау шараларын қабылдауды тапсырды.

«Сонымен қатар Ғылым қорының экономикалық тиімділігін арттыруға, ғылыми-зерттеулерді капиталдандыруға, олардың инвестициялық тартымдылығын, барлық кезеңдегі ашықтығын арттыруға баса мән бере отырып, оның ребрендингін қамтамасыз ету керек», деді Ә.Смайылов.

Бұған қоса, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына ғылымды қажет ететін өндірістерді, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруда ғылымның үлесі бойынша бөлімді қосып, оның нақты индикаторларын белгілеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

«Сондай-ақ Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму, Энергетика министр­ліктерімен бірлесіп, ғылыми-техникалық кеңестер құруды және жер қойнауын пайда­ланушылардың ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тарын қаржыландыруының орталық­тан­дырылған механизмін енгізуді қамта­масыз ету керек», деді Премьер-Министр.