Есілдің жағасына табиғатты тамашалауға келген қала тұрғыны опырылып кеткен жардан құлап, жарақат алды. Ол шамамен 30 метрдей биіктен құлаған.
Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің қарама-қарсы жарында сұлап жатқан адамды көріп, полицияға хабарлайды. Адамның кім екенін анықтау және оған алғашқы көмек көрсету сол маңда патрульде жүрген Петропавл қаласы полиция басқармасының инспекторлары Ерік Жетібаев пен Төлеген Алдабергеновке жүктеледі.
Топырақ қатпаған мұндай кезде жардың шетін басуға болмайды. Алайда экстремалды оқиғаларды қызық көретін жастар жардың шетіне қасақана барады. «Жеңіс» саябағы орналасқан Есілдің жағасы да осындай уақытта қауіпті. Бұл жағалау біршама биік және жарлауытты, құлаған адам үстінен көрінбейтін көмескі тұстары көп. Сондықтан оқиға орнына келген полицейлерге бергі жағада тұрған дабыл көтеруші жігіт қалтафонмен адам жатқан жерге қалай өтуді айтып тұрған. Әйтпесе құлаған адам жоғарыдан құтқарушыларға көрінбейді.
«Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан сатылап өзен жағасына түстік. Жағада жатқан қыз бала екен. Ол жардың шетіне дейін келуге қызығып, топырақ опырылып кеткенде жағаға құлап түскен көрінеді. Жатқанына біраз уақыт болғаны қыздың дірілдеп, қатты тоңғанынан көрініп тұрды. Біз оған үстіміздегі сырт киімдерімізді жауып, жылыттық. Алайда жағадағы балшық аяқ аттатпады. Жағдай туралы рациямен Жедел басқару орталығына баяндап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруды сұрадық», дейді Төлеген Алдабергенов.
Жедел келген құтқарушылар қызды арнайы платформаға салып, барлығын бірге жар үстіндегі қауіпсіз жерге алып шыққан. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетеді.
Абырой болғанда 18 жастағы бойжеткен қыз аман-есен өзінің жақындарына оралды. Егер Есілдің арғы жағасындағы Заречный кенті тұрғынының қырағылығы болмаса оның тірі қалуы неғайбыл еді. Өйткені есін білмей түні бойы жатса, түнгі ызғар қатерлі болатын. Оны дәл сол кезде іздеген де ешкім болмаған екен.
ПЕТРОПАВЛ