Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Тарбағатай тауының табанында 30 млн. тоннаға жуық мұнай қоры бар екені айғақталды. Бұл туралы кеше журналистерге геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлімдеді.
«Бүгінде Қазақстан қорында 76 миллиард тоннаға жуық мұнай бар. Оның ішінде игерілгені, игерілмегені бар. Осы тұрғыда бізге зерттеу жұмыстарын қолға алып, геологиялық-барлау жұмыстарын жан-жақты жүргізу керек», - деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары аумақтары мен Тарбағатай тауының қойнауы мұнай қорына бай. Соның ішінде Тарбағатайдағы мұнайдың көлемі 30 млн. тонна екені белгілі болды.
Б.Нұрабаев сонымен қатар, Шығыстағы мұнайдың сапасы ауыр екенін де алға тартты. Сол себепті оны өндіру оңай болмайды. Бұған қоса, бұл маңайдың ауа райы да қолайсыз. Кен орнын игеруде мұны да ескеру қажет.
Комитет төрағасы өзінің сөзінде Қазақстанда мұнай-газ қорын зерттеуді «ҚазМұнайГаз» компаниясы мойнына алатынын жеткізіп, барлау жұмыстарына аталмыш компания 797 млрд. қаржы бөлуге әзір екенін де айтып өтті.
Руслан ИГІЛІК.