• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Машақатты еңбек марапаты

342 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін­де профессор, «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, түрколог-ғалым, жазушы Қойшығара Салғара­ұлының мерейтойына орай «Ұлы Даланың тарихы: түріктер мен моңғолдар» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге ғылым, мәдениет, әдебиет салалары бойынша танымал тұлғалар, жоғары оқу орындарының докторанттары мен магис­трант­тары қатысты. Мерейтойлық шараға орай­ластырылған дөңгелек үстелді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов ашып, қаламгерді құттықтай келе, ел Президентінің құттықтау хатын оқып берді. Онда «Құрметті Қойшығара Салғараұлы! 75-ке толған мерей жасыңыз құтты болсын! Халқымыз өзiңiздi белгiлi журналист және ұлтымыздың көне тарихын зерттеп, зерделеп, жиған-тергенiн оқырманына жеткізуге бар күш-жiгерiн жұмсап келе жатқан қаламгер ретiнде жақсы бiледi. Сiздiң шығармаларыңыз тарих ғылымын насихаттауға, ұлтымыздың өткенiн танып, салт-санасын қалыптастырып, дамытуға қосылған үлес болып табылады. Еңбегiңiз елiмiздiң Мемлекеттiк сыйлығымен атап өтiлдi. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерi құрметтi атағына ие болдыңыз. Денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман-есен болып, еңбегiңiздiң зейнетiн ұзағынан көре беріңіз!», – делінген. Одан соң Е.Сыдықов қалам­герге Еуразия ұлттық универ­си­тетінің ең жоғары марапаты «Гумилев» медалін тапсырды. «Сіз қазақ тарихын зерттеуге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын-қыстау шақтарда кірістіңіз. Сол кездерде Қытайдан қазақ тарихына қатысты көптеген мәліметтерді алып келгеніңізді жанкештілік деп бағалауға болады», деді ректор. Іс-шара барысында мерейтой иесінің осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Тағы бір атап өтер нәрсе, алдағы уақытта қаламгердің мерейтойына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге келіп түскен және Қ.Салғараұлының еңбектеріне байланысты ғылыми мақалалар жеке жинақ болып жарық көреді. Айта кетейік, 90-шы жылдары «Сиуңну», «Дуңху. Гау­чы», «100 құжат», «Таным тар­­мақ­тары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазған тұста ға­лым Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметін атқарды. Оның қаламынан туған «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссесі, «Қазақ қазақ болғанға дейін» және «Қазақ қазақ болғаннан кейін» атты іргелі еңбектері дүниеге келген. «Қазақтар» трилогиясы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Таяуда ғана қарымды қаламгердің «Мыңғұл мен моңғол және үш шығыс» атты еңбегінде тың тұжырымдарды алға тартады. «Егемен-ақпарат».