• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2022

Өрт қаупі сейілмей тұр

396 рет
көрсетілді

Биылғы көктем солтүстікке кенеттен келді. Наурыздың 30-ынан бастап ауаның температурасы күндіз үнемі нөлден жоғары болды. Басқа жылдарда бұл көрініс 9-10 күннен кейін ғана болатын. Жылы күннің әсерінен қар да тез еріді. Ал соңғы 4-5 күн бойы Петропавлда бір қара дауыл соғады да тұрады. 6 сәуірде түн ортасында себелеп жаңбыр жауған, содан бері құрғақ. Енді екпіндей соғатын мына қара жел бәрін құрғатып, оның үстіне өрт қаупін үдетіп тұр.

Жуырда Заречный кентіндегі «Ренет», «Весна» саяжайларынан от шығып, кешікпей ол құрғақ дауылдың күшімен қалың өртке айналды. ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Е.Журавлевтің айтуына қарағанда, өрт «Киро­вец», «Строитель», «Жем­чу­жи­на» деген иесіз саяжай учас­келеріне жайылып, 10 гектар жерді қамтыған. Басында екі өрт­сөндіргіш көлік жіберілген өрт барған сайын жайылып, дауылдың әсерімен лапылдап, жалын аспанға көтеріліп, бүкіл қала тұрғындарына көрінді. Өрт сөндірушілерге жергілікті билік өкілдері мен бизнес құрылымдары да көмекке келді. Ақырында 12 өртсөндіру техникасы мен 70-тей адам күші өртті кешкі сағат 21.00-де ғана ауыздықтады. Соның өзінде таңға дейін бықсып жатқан жерлер болды. Өртті тез сөндіруге саябақ жолдарының тарлығы да кесірін тигізіп бақты. Жыпыр­латып тығыз жасалған қоршаулар жолдың бәрін тарылтып тастаған. Тар жолдарда алып техникалар өте алмай, өткені суы біткен соң айналып шыға алмай уақыт жоғалтты.

Қазір келтірілген шығын кө­лемі анықталуда. Әйтеуір жа­раланғандар мен адам шығыны жоқ.

Дәл осы күні «Копай» ша­ғы­н ау­данындағы «Зарина» диірменінің маңындағы қа­лың қамыстан өрт шықты. Бұл жер­дегі өртті сөндіруге 2 тех­ника және 13 адам күші жұ­мылдырылды. Жалынмен арпа­лысқан жандар өртті тек түнгі сағат 23.00-де ғана ауыздықтай алды. Бір жақсысы, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков өрттің шы­ғу себебі күннің дауыл екен­дігіне қарамай былтырғы қау­­ды жағудың салдары деп отыр. «Кейбір тұрғындар өрт қа­­уіпсіздігі шараларын сақта­майды. Соның салдарынан үлкен шығындарға ұшырап отырмыз», дей келіп, ол қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.

Облыстық ТЖ департаменті өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуына қарағанда, биыл жыл басынан бері 139 өрт сөндірілген екен. Келтірілген материалдық шығынның көлемі – 83,6 млн теңге. Сонымен бір­ге 14 адам өрттен қаза болып, 5 адам ауыр жараланған. Ол да өрттің не­гізгі себебі адам­дардың өрт қауіпсіздігін сақ­тамағанынан болатынын айтады. «Біз осы айда ғана жүргізілген рейдтің барысында өрт қауіпсіздігін сақтамаған 16 адам анықталды. Олар­дың ішінде 6 тұлғаға 184 мың тең­генің айыппұлы салынды», деді Д.Растихин.

Ауа райын болжау қызметінің айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысында ауаның жылынуы 12-14 градусқа дейін көтерілмек. Тіпті кей күндері 28 градусқа дейін ысиды. Егістің ылғалы ұшып кететін болған­дықтан бұл диқан қауымын алаң­датуда. Алайда биылғы жазда құрғақшылық болады деген болжам жоқ, жауын-шашын жылдағы нормада болады деген үміт басым.

 

Солтүстік Қазақстан облысы