• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Сәуір, 2022

Несиелеу қарқыны арта түссе...

276 рет
көрсетілді

Соңғы екі жылда елімізді үш бірдей жойқын дауыл келіп соқты. Оның алғашқысы – COVID-19 пандемиясы, екіншісі – «қаңтар қырғыны», үшіншісі күн санап шиеленісіп бара жатқан геосаяси түйткіл. Әсіресе, үшіншісінің үлесі басымырақ болып тұр қазір.

Ресейдің алған беттен қайт­па­уы, кері шегінбеуі жа­һан­дық қоғамдастықты таңғал­ды­рып отыр. Сондықтан да олар аямай сан­кция салып жатыр. Қазірдің өзін­де санкциялардың «нәтижесі» көріне бастады. Тікелей та­уар айналымын жасап, белсенді сау­да серіктесі болып отырған Қа­зақ­станға да кері әсері тимей қой­майды. Сарапшылар осын­дай қысылтаяң сәтте халық пен бизнесті несиемен қолдау – іс­керлік белсенділіктің қажетті дең­­гейін ұстап тұратын және эко­но­ми­калық өсімге себепкер болатын бірегей нұсқа дейді.

Биыл көктемде елдегі бүкіл екінші деңгейлі банктердің қарыз портфелі 20,3 трлн теңгеге жеткен. Дағдарыс толқыны мен өзге де қиындықтарға қарамастан өсім бар. Қарыз портфелі бір ай бұрынғы көрсеткіштен 255,6 млрд теңгеге көбейген. Жылдық мән 4,9 трлн теңгеге өскен. Айлық динамикада 22 банктің 18-і оң көрсеткішке ие болған. Жылдық динамикада 20 банктің көрсеткіші тәуір.

«Айлық және жылдық дина­ми­ка­да қарыз портфелінің өсуі тұр­ғы­сынан Halyk Bank озық шық­ты. Ақпанда банк займ көлемін 279,4 млрд теңгеге көбейткен. Бір жылда берген қарызы 6,3 трлн тең­геге жетіпті. Бұл – отандық на­рықтағы займның 31,1 пайызы. Көктемде банк 2021 жылға арналған шоғырландырылған қар­жылық есеп деректерін жариялады. Соған сүйенсек, 2021 жылы қарыз портфелінің 31 па­йызы бөлшек займдарға тиесілі болса, соның ішінде 15 пайызын ипотекалық қарыз құраған. Halyk Bank көбіне ритейл және көтерме сауда, қызмет көрсету, мұнай-газ саласы, жылжымайтын мүлік, энергетика және химия өнеркәсібі салаларына жиі несие береді. Бұл тұрғыда банк экономиканың басым секторының барлығын несиемен қамтып отыр деуге негіз бар», деп жазды Ranking сарапшылары.

Екінші орында – «Отбасы банк». Ақпанның қорытындысы бойынша қарыз портфелі 69,6 млрд теңгеге көбейіп, 2,3 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл ішінде банк қарыз көлемін 904,2 млрд тең­геге арттырыпты. Бұл қаржы инс­титуты тек қана тұрғын үй құ­рылыс жинақтау және тұрғын үй займдары жүйесінде жұмыс істейді. Тұтынушылық және өзге де несиелеу бойынша қызмет көрсетпейді. Соны­мен бірге қазір «Отбасы банкті» екінші дең­гейлі банктер жүйе­с­­інен шы­ға­рып, оған Ұлттық даму институты мәртебесін беру мәсе­ле­сі қарастырылып жатыр. Яғни қар­жы институтына есепке қою, тұр­ғын үй бөлістіру функциялары жүк­телмек.

Үздік үштікті ақпан айындағы 56,4 млрд теңге қосқан Kaspi Bank түйіндеген. Бұл банктің көк­тем басындағы қарыз портфелі 2,6 трлн теңгені құрапты. Соңғы бір жылда банк қарыз портфелін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайта алған. Сондай-ақ бестік құрамына Bank RBK (+34,7 млрд тг, 670 млрд тең­ге­ге жеткен) және «Альфа-Банк» (+ 29,6 млрд тг, 564,4 млрд теңгеге жеткен) бар.

Санкциядан көз ашпай жатқан ресейлік еншілес банктердің жағ­да­йы мәз емес. Мәселен, ВТБ Банк бір айда қарыз портфелін 43,3 млрд теңгеге азайтып алса, «Сбербанк» 296,8 млрд теңгеден бір-ақ айырылған. Үздік бестік қатарына еніп тұрған «Альфа-Банктің» де алдағы уақытта өз қарқынын сақтап қалады дегенге сену қиын. Өйткені қаржы институты қазір түрлі шектеулер аясында өз жұмысын лайықты дең­гей­де жүргізе алатын емес және банк шұғыл түрде жаңа акционер із­дес­тіріп жатыр.

Қарыз портфелінің жиынтық өсімі фонында олардың сапасы да жақсарып жатыр дейді сарапшылар. Биыл наурызда мерзімі өтіп өтелмеген займдар үлесі 6,75 пайызды құраған (бір ай бұрын – 6,77, бір жыл бұрын – 11,28 па­йыз болған). Ал өтелмеген мерзімі 90 күннен асып кеткен (NPL 90+) берешектердің қарыз портфеліндегі үлесі 3,48 пайызды құрайды. Бір жыл бұрын NPL қарыз портфелінің 6,92 пайызы болған еді.

«Қазір банктер өз уақытында өтелмеген берешектер мәселесіне жедел мән береді және оларды көп жағдайда ұзақ мерзімді берешек жағдайына жеткізбейді. Биыл көктемде барлық мерзімі өтіп кеткен берешектегі NPL 90+ үлесі 51,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2015-2021 жылда­ры 80 пайыздан асып түскен бо­латын. Halyk Bank-тің қарыз порт­феліндегі мерзімі өткен берешектер үлесі 4,84 пайызды, NPL 90+ 2,34 пайызды құрайды. Kaspi Bank портфеліндегі өтелмеген қарыздар үлесі 9,74 пайызға таяп қалған. Ал NPL 90+ үлесі 4,2 па­йыз деңгейінде. Ипотекалық несие­леу­мен айналысатын «Отба­сы банкте» несие бойынша берешек жоқ деуге де болады. Ал 90 күннен асып өтелмеген қарыздар үле­­сі портфелдің 0,07 пайызын құ­райды», деп хабарлайды сарап­шылар.