13 сәуір күні Halyk Bank пен Сбербанктің біздің елдегі еншілес банкі келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, цессия шарты бойынша бөлшек бизнес клиенттерінің кредиттік портфелінің бір бөлігі сатып алынды. Яғни «Сбербанкте» ресімделген кредиттердің бір бөлігі Halyk Bank-ке өтеді.
Мәмілеге Қазақстан даму банкінде жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша ресімделген автокредиттердің бір бөлігі, кепілсіз кредиттердің, кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға арналған қарыздардың және ипотекалық кредиттердің бір бөлігі кіріп отыр. Берілген кредиттер бойынша негізгі қарыздың жалпы көлемі 330 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Сбербанктің тұтынушылық қарыздарының кредиттік қоржыны 1,1 трлн теңгеге тең.
«Сбербанк» АҚ Қазақстандағы еншілес банкінің басқарма төрағасы Елдар Теңізбаев қарыздарды қайта табыстау банк секторындағы қалыпты тәжірибе һәм әдеттегі рәсім екенін атап өтті.
– Өзінің көп жылдық тарихында «Сбербанк» бірнеше рет түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Оларды әрдайым сәтті еңсеріп, өз клиенттерінің мүддесін басты назарға алды. Біз міндеттерімізді клиенттер алдында да, мемлекет алдында да орындауға тырысамыз. Бүгінгі таңда «Сбербанк» барлық мемлекеттік қаржыны, оның ішінде жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары бойынша берілген қаржыны қайтарды. Несие портфелінің бір бөлігін беру қаржы саласында кең таралған тәжірибе. Клиенттердің басқа банкке ауысуы еш қиындықсыз реттеледі. Бұл – серіктес банк үшін несие портфелін ұлғайту мүмкіндігі. Біз аталған мәміледен клиенттеріміздің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша өтімділікті аламыз, – деді Елдар Теңізбаев.
Halyk Bank-тің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банк Қазақстан экономикасы үшін жүйе құраушы қаржы институты ретінде ең алдымен қоғамның мүддесі үшін жұмыс істейтінін жеткізді.
– Жеке тұлғалардың несие портфелінің едәуір бөлігін сатып алып, осылайша «Сбербанкке» өтімділік бере отырып, Halyk Bank Қазақстанның банк секторының тұрақтылығын қолдады. Бүгінгі таңда Halyk Bank-ке жеке тұлғалардың қарыздары бойынша берешек қалдығы аударылды және бұл мерзімі кешіктірілмеген және проблемалық кредиттерсіз сапалы портфель екенін атап өткен жөн. Өз тарапымыздан біз «Сбербанктен» Halyk-қа үздіксіз көшу үшін барлық қажетті шараларды қамтамасыз еттік, – дейді Ү.Шаяхметова.
Қазақстан даму банкінің басшысы Руслан Ысқақов қаржы институты жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы шеңберінде игерілген қаражатты мемлекетке қайтарудың кепілі екенін жеткізді.
– Даму банкі – бағдарлама операторы. Сондықтан бағдарламаны іске асырудың бүкіл мерзімі ішінде оған қатысатын екінші деңгейлі банктердің төлем қабілеттілігіне қарамастан, алынған қаражаттың мемлекетке қайтарылғаны үшін толық жауапты болады. Қазіргі уақытта Ресей банктерінің еншілес компанияларына санкциялар енгізілуіне байланысты жеңілдетілген автокредиттер берешегін екінші деңгейлі басқа банктерге аудару бойынша жедел жұмыс жүргізілді, – деді Р.Ысқақов.
Жеке тұлғалардың кредиттерінің көші-қон процесі іске қосылды және клиенттер ешқандай қиындықпен бетпе-бет келіп отырған жоқ.
Осы орайда, «Сбербанк» клиенттерінің қолданыстағы қарыздарына қатысты талаптар, атап айтқанда несие берешегінің қалдығы, несие беру мерзімі, ай сайынғы төлем және несие мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады. Қарызды қайта табыстау клиент үшін қосымша шығынға әкеп соқпайды. Сондай-ақ қарыз бойынша құқықтарды басқаға беру, егер қарыз алушы негізгі борыш бойынша ай сайынғы төлемдерді және есептелген пайыздар бойынша төлемдерді бұзбаса, оның кредиттік тарихына әсер етпейді. Кесте бойынша ай сайынғы өтеу күні өзгеріссіз қалады.
Егер «Сбербанктің» қарыз алушысы Halyk Bank-тің клиенті болмаса, несие бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін оған Halyk Homebank мобильді қосымшасын жүктеп, тіркеуден өту қажет. Содан кейін оған қарызды өтеу үшін пластиксіз Halyk Bonus Digital цифрлы картасы дереу ашылатын болады. Ай сайынғы төлем сомасы кесте бойынша төлем жасау күні Halyk Bank картасынан/шотынан автоматты түрде алынады. Сондықтан клиент өзінің картакалық немесе ағымдағы шотын үнемі толықтырып отыруы қажет.
13 сәуірден бастап кредиттері Halyk Bank-ке аударылған клиенттер өз қарызының мәртебесін ЖСН бойынша банк сайтында сілтеме арқылы тексере алады.