• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Сәуір, 2022

Жаңа модельдегі прокурор фильтрінен 500 мыңдай тергеу шешімі өткізілді

301 рет
көрсетілді

Жаңа модель енгізілгеннен бері прокурор фильтрі арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өтті. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тергеу мен соттарда заңдылықты қамтамасыз ету бойынша прокуратура органдары жұмысының негізгі аспектілеріне тоқтап кетсем деймін. Мемлекет басшысы қылмыстық орбитаға тартылған адам құқықтарын қорғауды күшейтуге тұрақты назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бері қылмыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталды. Бұндай тәжірибені біз ЭЫДҰ елдерінен алып отырмыз. Оның негізгі мазмұны – полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты бөлу. Бұл тәртіп бойынша полиция айғақтарды жинап, оларды бекітеді. Прокурор маңызды шешімдерді қабылдауға келісім береді және істі сотқа жолдайды. Сот болса бақылау жасайды, үкім шығарады және жаза белгілейді», деді Шындалиев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол жаңа модельдің бірінші кезеңі 2020 жылы енгізілгенін еске салды. Осы модель бойынша прокурор тергеудің негізгі шешімдеріне келісім береді. Бұл – адамды күдікті деп тану, оның жасаған әрекетін саралау, істі тоқтату немесе қысқарту және басқа шешімдер. Оларды прокурор мақұлдамаса тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды.

«Қылмыстық-процестік кодексте келісім беру мерзімдері және оның барлық процедуралық тұстары нақты жазылды. Келісім беру процесі «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» (ЕРДР) арқылы электронды түрде онлайн форматта өткізіледі. Тергеуші әзірлеген бойда қаулы электрондық жүйеде бірден прокурорға түседі. Егер шешім заңды болса, прокурор оған цифрлы қол қойып, сол сәтте оны тергеушіге қайтарады. Жаңа модельді енгізген уақыттан бері прокурор фильтрі арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өтті. Нәтижесі ойдағыдай. Тергеу сапасы жақсарып, заңсыз шешімдер саны азайды», деді Бас прокурордың орынбасары.