• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҚЫРЛАРЫ

539 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Германияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси және экономикалық мүдделері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, халықаралық конференция Германияның Қазақ­стандағы жылы аясында ұйымдастырылды. Оның жұмысына Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Әділ Тұрсынов, ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Шлагетер, халықаралық ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен дипломаттар қатысты. Көпшілікке белгілі, өткен жыл­дың ақпан айында Германия­ға ресми сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәшине жасау, ауыл шаруа­шы­лығы, тағам өндірісі салаларын­да­ғы ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру және кеңейту қажеттігі туралы атап айтқан болатын. Қазақстан экономикасы үшін, сонымен қатар, жаңа технология мен инжиниринг салаларында әлемдік көшбасшы болып есепте­летін компаниялармен экономи­ка­лық байланысты одан әрі нығай­тудың маңызы жоғары екені бел­гілі. Халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конферен­цияға қатысу­шы­лар пікірінше, “экономиканың әртүрлі салаларындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі терең­детудің бүгін де, келешекте де берері мол”. Өткен жылы тауар айналы­мын­дағы кейбір күрделіліктерге қара­мастан, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш деңгейі біршама жақсарып, ол 948 мил­лион долларды құрады. Бір құп­тар­лығы, біздің еліміздің эко­но­ми­касына Германиядан келетін тіке­лей инвестициялар көлемі де арта түсуде. Ал мұның өзі, түптеп кел­генде, инвестициялық климаттың нақты тартымдылығының айқын кепілі. Қазақстан биылғы жылы жақын онжылдықта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, қазірде бес миллиард долларды құрайтын 140 жобаны аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 50-ге жуық жобаны жүзеге асыру жұ­мысы да басталмақ. Жиынға қа­тысып, өз пікірін ортаға салғандар неміс инвесторларын өз капитал­дарын осы жобаларға бағыттауға шақырды. Сонымен, “Германияның Қа­зақ­стан мен Орталық Азиядағы сая­си және экономикалық мүд­де­лері” атты конференцияда қауіп­сіз­дік, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық және энергетика салаларына қатысты нақты пі­кір­лер мен ұсыныстар ортаға салын­ды. Тағы бір атап айтарлық жәйт, Еуропа мен Қазақстан және Орта­лық Азия елдері арасындағы қа­рым-қатынас жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Әрине, мұның өзі Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы саясатында Орталық Азия ел­дерінің стратегиялық маңызының артуының нәтижесі екендігі сөзсіз. Бұл орайда, Еуроодақтың Орталық Азия мемлекеттерімен 2007 жылы қабылдаған жаңа әріптестік стратегиясы ынтымақтастықтың маңызды қырларының бірі болып табылады. Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.