Жамбыл облысының Тараз қаласындағы қаржы полицейлері жалған ақша басып шығаратын 2 цехтың бар екенін анықтады. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Қылмыстық топ 200-ден 10 мың теңгеге дейін қағаз ақшаларды түрлі түсті принтер арқылы басып шығарған екен. Қаржы полицейлері тексеру кезінде ақша жасауға арналған арнайы қағаздар мен оларды кесетін құралдарды тәркіледі. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.
«Күдіктілердің бірнеше жылдар бойы Қазақстан аумағына 500-ге тарта жалған ақшаны өткізгені анықталып отыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеудің құпиялығына сәйкес, кейбір мәліметтер әзірге жарияланбайды»,- дейді Жамбыл облыстық қаржы полициясы департаментінің бөлім басшысы Мақсат Байдалиев.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы.
Фото: «Хабар» телеарнасы.