• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2022

Жол азабын жүрген біледі

466 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Тараз қаласындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерге айтылатын сын көп. Жыл сайын ел игілігі үшін жүздеген пәтер пайдалануға беріледі. Бірақ көптеген үйдің сапасы сын көтермейтіні талай рет сөз болған. Енді біраз уақыттан бері көптің сынына ұшырап келе жатқан жаңа 15-шағын аудандағы жол мәселесі де бұл күнде тұрғындар үшін түйткілді мәселеге айналған. Шын мәнінде аталған шағын аудан бой көтере бастағанда көптің қуанышында шек болған жоқ. Баспаналы болудан үміті бар талай отбасы аз уақыттың ішінде қоныстойын тойлады. Мемлекет берген жеңілдікті пайдаланып баспаналы болды. Бірақ талай жыл табанақы, маңдай терімен тапқан-таянғанын банкке құйып, әупірімдеп жүріп үй алған әлеуметтің де базынасы орынды. Олардың әлі де төлейтін қарызы көп. Ал көпшілік мұндай көкейкесті мәселені талай мәрте көтергенімен, әлі де оңды нәтиже болмай тұр.

Бұл күнде Тараз қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бірқатар нысан салынып, бірталай көше жөнделген. Алайда тағы да осы 15-шағын ауданның қарапайым тұрғындары «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебін киіп келеді. Аталған шағын ауданның тұрғыны Гүлмира Көркемғалиқызының айтуынша, мұндағы жолдың жағдайы көптің сабырын сарқып, төзімін тауысқан. «2019 жылы наурыз айында осы шағын аудандағы №11 үйге көшіп келдік. Содан бері жолдың азабын тартып келеміз. Тиісті мекеме мамандарына жолдың жайын айтсақ, шағын ауданның құрылысы толық аяқталған соң барып салынатынын айтып шығарып салады. Сонда мұндағы құрылыс жұмыстары қашан аяқталады? Дәл қазіргідей қарқынмен жолдың жуық уақытта аяқталмайтыны, талай жылға созылатыны анық», дейді ол.

Көпшілік үшін күрделі мәселеге айналған жолдың жағдайы шынында да қиын. Елдің бәрінің әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Әсіресе, жеке көлікпен емес, қоғамдық көлікпен жү­ру­ші­лердің қатары көп. Бірақ ені тар көшелер тағы да сол қоғамдық көліктің емін-еркін жүруіне айтарлықтай кедергі келтіреді. «Әсіресе №36 маршруттың жолы бәрімізді қажытып жіберді. Көшек батыр және Чернышов көшесі арқылы жүретін №36 маршрут 15-шағын ауданның ішіне дейін кірмесе де бір қапталы арқылы жүріп, кері қайтады. Ал енді автобус Көшек батыр немесе Чернышов көшесі арқылы келіп, осы шағын ауданға бұрылғаннан бастап нашар жолға түседі. Қателеспесем, жолдың ұзындығы – 500-600 метр. Мұның жол деген тек аты ғана. Автобус емес, велосипедпен де жүру мүмкін емес. Автобус жүргізушілері де жолдың жағдайына күйінеді», дейді тұрғын Гүлмира Көркемғалиқызы.

Расында, жолдың құрғақ кезінде жүрудің өзі мұң болады. Ал жаңбыр жауған кезде көшелерде шағын көлшіктер пайда болып, жағдай тіпті қиындай түседі. Жалпы, жергілікті тұрғындардың уәжі – жол мәселесі. Аты да, заты да жаңа ауданның жол жағдайы келіспей тұр. Көптің базынасына 15-шағын аудан, №7 үйдің тұрғыны Еділ Бестерек те үн қосып, көпшіліктің көтеріп келе жатқан мәселесінің орынды екенін жеткізді.

«Өткен жылы ауданымыздың бір жақ қапталына асфальт төселіп, Пуш­кин көшесіне қосылды. Бірақ №36 мар­шруттың жолы сол күйінше қала берді. Бар болғаны 500-600 метрдей ғана жолға асфальт төсеу үлкен қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Тіпті, Көшек батыр көшесіне дейін асфальт төселсе нұр үстіне нұр болар еді. Нау­рыз айының басынан бастап жаңбыр бірнеше апта бойы толассыз жауды. Жаң­бырдан кейін жолдың жағдайы тіпті нашарлап кетті. Автобус жүре алмай қалды. Жолға жауапты мамандар №36 маршрутқа мініп, шұрық тесік жолмен жүріп көрсе біздің жағдайымызды түсінер еді», дейді ол.

Қоғамдық көлік жүргізушілері де бұл жолдармен амалдың жоқтығынан жүргенін, көліктерінің де қирап біте бастаған, алайда осы жұмыс арқылы жан бағып отырған соң басшылық міндеттеген жолмен жүру керектігін айтты. Сол сияқты, Нұрсұлтан Бақыт­ұлы, Марал Шахтыбайқызы сияқты тұрғындар да жол мәселесін айтуда.

Жалпы, 15-шағын аудан тұрғындары­ның бұл базынасы жергілікті билікке жетпей келеді. Тұрғындар жыл сайын шешілмей келе жатқан мәселенің биыл оң шешімін табады деп үміттенген. Мәселен, кезінде аталған шағын ауданға қоғамдық көліктің қатынамайтыны туралы жиі жазылды. Айтылған сыннан оң қорытынды шығарған Тараз қаласының әкімдігі бірқатар бағыттағы қоғамдық көлікті осында бұрды. Енді көпшілік қоғамдық көліктің игілігін көреміз бе дегенде, жол мәселесі тағы да шығып тұр. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі негізі №36 бағыттағы қоғамдық көліктің шағын аудан тұрғындарына өте ыңғайлы екенін, жолаушылар көп мінетінін айтады. Себебі, бұл маршрут көпшілік жиі баратын «Ауыл-Береке» базарына, бірнеше шағын аудандарға және теміржол бекетіне дейін қатынайды. Мұнда қоғамдық көліктер ғана емес, жеке көліктер де көп жүреді. Бі­рақ бәрі де толқында тербелгендей әрең қозғалады. Себеп – тағы да жол­дың нашарлығы. Сондықтан да тұрғындар Көшек батыр көшесіне дейін асфальт, тіпті болмаса шағал тас төселсе екен деген тілегін жеткізді. Тұрғындардың уәжіне Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Нұржанов жауап беріп, бұл мәселе биыл шешімін табатынын айтты.

«Қазіргі таңда 15-шағын ауданға Көшек батыр көшесі арқылы кіретін жол болашақта ені 26 метр болатын үлкен даңғыл болады. Кейінгі кезде аталған жолға байланысты тұрғындар тарапынан көп шағым түсуде. Сондықтан көлік қатынасына қиындық келтірмес үшін уақытша жол салынады. Жолдың ұзақтығы 487 метр, ені 9 метр болады. Жобасын дайындап, тапсырыс беріп қойдық. Одан бөлек, шағын аудан тұрғындары қоғамдық көліктердің жүру жиілігіне байланысты көп шағым айтады. Бүгінде бұл жерге үш бағыттағы автобус қатынауда. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып алдағы уақытта тағы да екі маршрут қосып, жалпы санын бесеуге жеткіземіз», дейді М.Нұржанов.

Жауапты басшының бұл айтылған сөзі орындалатын болса, онда көпшілік үшін күрделі болған жол мәселесі де оң шешімін табады. Дегенмен, жаңа шағын аудандағы кейбір күрделі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кемшіліктер жойылатын да уақыт келген сияқты.

Бой көтергелі бері басынан дау арыл­маған 15-шағын аудандағы мәсе­ле­­лерге нүкте қоятын кез жетті. Бүгінде талай тұрғын баспаналы болып, осында ғұмыр кешіп келеді. Көпшілік тілегіне орай, көне шаһардағы бұл күрделі мәселе оң шешімін тапса деген ой бар.

 

Жамбыл облысы