• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Елорда 18 Сәуір, 2022

«TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті өтеді

744 рет
көрсетілді

4 мамыр күні, сағат 19:30-да елорда төрінде Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда көненің көзіндей болып, өнерге өзіндік өрнек салып келген «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің «ӨРТОЛҒАУ»  атты концерті өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі шығармашылығының бастау алғанына биыл 14 жыл толды. 14 жыл өнер жолы үшін аз уақыт емес. 2008 жылы музыканттардың бастамасымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінен құрылған ұжым бүгінде өнертану ғылымдарының докторлары мен магистрлері, ұлттық консерватория мен өнер академиясының аға оқытушылары. Үлкен ізденістің арқасында өз тыңдарманын тауып жаңа белеске шықты. Дыбыстың бізге беймәлім қуатын ашқан шеберлер өзіндік биік рухымен тыңдарманды баурап алды.  

Олар ұмыт бола бастаған төл аспаптардың құдыретті әлеуетіне сүйеніп, бізге дүние-ғаламға көзқарасын толғайды. Еркіндік ескен күй-жырлар қазынасынан шашу шашады. Алғашқы дыбыстан-ақ бізді жұмбақ, мүлде беймәлім өзге әлемге жетелейді. Олардың шығармаларының формасы ежелгі көшпелі халықтардың көне аспаптық және вокалдық туындыларының үлгілеріне жақын. Өткен мен бүгіннің естен кетпес суретін сипаттайтын дыбысы ерекше және сиқырлы аспаптар.

Көне, архаикалық аспаптардың үнін жаңғыртуға, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, домбыра, қылқобыз сияқты аспаптарды заманауи сипатта жаңғыртудың жаңа тәсілдері мен формаларын табуға ұмтылды.

Олар әлемді жаулап алуға тырыспайды, әлем оларға өзі құшағын айқара ашуда. Беделді концерт алаңдарында өнер көрсетіп, көптеген байқау мен фестивальда жеңіске жетті. Әлемнің 70 елінде 600-ден астам концерт өткізді. Қазақстан, Франция, Израиль, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Әзербайжан, Ресей, Испания, Норвегия және т.б. елдерде көрермендерін дән риза қылып, ерекше ықылас пен зор қошеметке бөленіп, айтулы тұлғаларды мойындатқан атақты ұжым. Қазақ мәдениетінің өкілдері – «TURAN» – жоғары кәсіби деңгейдегі орындаушылар.

Кешке «ҚОРҚЫТ» этно-ансамблі, филармония солисі, мульти-аспапшы Еділ Құсайынов және «ӘЛЕМ» эстрадалық би ансамблі қатысады.

Ансамбль құрамында Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Жанту Дадабаев сынды музыканттар бар.

Ал кеште өнер көрсететін «ҚОРҚЫТ» этно-ансамблі 2015 жылы қарашада құрылған.  «ҚОРҚЫТ» этно-ансамбліне қазақтың халық аспаптарында (қобыз, қылқобыз, нарқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, тоқылдақ және т.б.) ойнайтын пікірлес музыканттар жиналған. Ұжымдағы әрбір артист бірнеше аспапты, сондай-ақ сирек кездесетін көмеймен қайлау техникасын меңгерген. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек шығарған туындылар және оның авторлық өңдеуіндегі күйлер, термелер мен жырлар ұжым репертуарының негізін құрайды. Ұжымның шығармашылығына «Ғасырлар үні» ІІ-халықаралық фольклорлы-этнографиялық фестивальде, Шығармашыл жастардың «Шабыт» ХХ-халықаралық фестивалінде, «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлық ансамбльдердің І-республикалық байқауында жоғары баға берілген.  Құрылғанынан бастап «ҚОРҚЫТ» гастрольдік сапармен әлемнің түрлі елдерінде өнер көрсетті. 2020 жылғы ақпанда «ҚОРҚЫТ» этно-ансамблі 75 шығарманы тоқтамастан орындап шығып, тәуелсіз Қазақстан тарихында ең ұзақ концерт бергені үшін Қазақстанның Гиннес рекордттар кітабына енді. 

«Әлем» эстрадалық би ансамблі – астаналық филармония тарихындағы ең жас ұжым, 2016 жылы құрылған. Ансамбль артистері классикалық би және модерннен бастап хип-хоп пен рок-н-роллға дейінгі түрлі би стилін меңгерген. «Әлем» эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Лаура Мұқаеваның шығармашылық қоржынында алуан сипатты елуден астам қойылым бар. Олардың қатарында әлем халықтарының билері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Айтқали Жайымовтың және де басқа Қазақстан композиторларының музыкасына қойылған түрлі хореографиялық композициялар бар. «Күн шуақ», «Би әлемі», «Шаттану», «Би тербеген Астана», ҚР еңбек сіңірген артисі Тойған Ізімнің мерейтойына арналған «Өнермен өрілген 50 жыл өмірім» мерекелік концерті, «Ән шырқайық би билеп…» би және ән кеші сынды бағдарламалары көрермендердің көңілінен шығып, ықыласына бөленген.