• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2022

Жылу орталығының жай-күйі қалай болмақ?

334 рет
көрсетілді

Петропавл қаласына Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың келуі қала тұрғындарының күпті көңілін тарқатуға біршама себеп болып отыр. Өйткені биыл қызылжарлықтар қыстың көзі қырауда жылусыз, жарықсыз қалып қоямыз ба деп қатты алаңдады. Оның басты себебі, 1961 жылы пайдалануға берілген, қуаты 541 мегаватт электр және 715 Гкал/сағат жылу энергиясын өндіретін Петропавлдың жылу-электр орталығы-2 қыс бойы тұрғындарды алаңдатумен болды. Кәсіпорын мамандарының айтуына қарағанда, қуат өндіретін құрал-жабдықтар 75-80 пайызға тозған. Жасалған ағымдағы жөндеу жұмыстары орталық қызметін толығымен қалпына келтіре алмады.

Облыс пен қаланы жылумен, жа­ры­қпен қамтамасыз ететін негізгі кә­сіпорын осы болған соң оның қа­лып­ты жұмыс істеуіне бәрі мүдделі. Кә­сіп­орын биылғы жылыту маусы­мын­да бес рет апатты жағдайға жол берді. Былтыр 1 қарашада 12 қазан­дық­тың үшеуі істен шығып, жеті аудандағы 145 елді мекенге жарық бармай қалды. Бұл – 37,5 мың адам қараңғыда қалды деген сөз. Петропавл қаласының өзін­де 12 мың абонент қараңғыда қал­ды. Бұл апат салдары жойылған соң жаңа жыл­дың қарсаңында, 25 желтоқсанда тағы екі қазандық істен шықты. Со­­ның кесірінен үйлерге жететін жылу азайып, сақылдаған сары аязда тоң­ған тұрғындардың ащы айғайы шық­ты. Ал биыл 22 қаңтарда болған апат­та бу трактысының мұржасы тесі­ліп, одан шыққан ыстық будан күйік алған бір жұмысшы ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ биылғы 20 нау­­рызда болған апатты бүкіл рес­пуб­лика халқы естіді. Биіктігі 150 метр болатын түтін мұржасының бірі 60 метрлік биіктікте жарылып, жерге қаусап түсті. Бәленбай тон­на­лық кірпішті қоқыс қазандық цехына құлап, онда жұмыс істейтін 38 жастағы қызметкер тұншығып өлді. Осы апаттың кесірінен жұмыс істеп тұрған төрт қазандық агрегаттарының екеуі, бес турбогенератордың үшеуі жұмысын тоқтатты. Электр қуатын өндіру 120 МВт-дан 65-ке, ал 70 гра­дус­тық ыстық су 40 градусқа дейін азайып кетті. Үйлерге жеткен судың тем­пературасы қан жылымнан аспады. Әйтеуір резервтегі қазандықтар іске қосылып, халықтың айқай-шуы азай­ды.

Бұл апаттың себебі әлі толық анық­талған жоқ. Тұрғындар арасында түрлі қауесет тарап жатты. Соның ішін­де диверсия болуы мүмкін деген болжамдар айтылды.

Энергетика министрлігінің білік­ті мамандары апаттың себебін анық­тау­ға арналған сараптаманың алғаш­қы қорытындысын жариялады. Онда түтін мұржасының бойында бу қа­зан­дықтарының ең төменгі тем­пе­ра­тура режімін сақтамауының кесі­рі­нен мұз қатып, су конденсаты пайда болуы мүмкін делінген. Ал отты қатты жаққанда түтінмен ұшқан кү­­кірт сумен қосылып қышқыл пайда болады. Сол қышқыл мұржаның бе­то­нын үнемі бұза беріп, ақыры құ­лауға соқтыруы мүмкін делінген алғашқы қорытындыда. Әрине, бұл бұрынғы «қатты желден құлаған» деп түсіндірілген себепке қарағанда нанымды, бірақ әлі түпкілікті қоры­тын­ды емес.

Міне, осы мәселенің бәрінен құ­ла­ғдар болған министр Б.Ақшо­ла­қов өзінің сапарын ЖЭО-2-нің жұмысымен танысудан бастады. Онда энергетик мамандармен кездесіп, БАҚ өкілдеріне брифинг берді. «Кә­сіп­орын­ды күрделі жөндеуге Жол картасы 18,5 млрд теңге қажет деп отыр. Біз акционерлерге жөндеу жұмыстары меншік иесі есебінен болатынын ес­керт­тік. Тарифтердің өсуі мүмкін, бірақ ол жөндеу жұмыстарының есе­бінен емес, көмір мен тасымал жұ­мыс­та­ры бағасының өсуіне байланысты болады», деді министр.

Ведомство басшысы ЖЭО-2-нің жөн­деу жұмыстарына байланыс­ты қызылжарлықтардың көңілін орнық­ты­ратын хабар айтты. Атап айтқанда, келесі жылу маусымы басталғанда 9 қазандық жұмыс істейтін болады. «Пайдаланудағы екі мұржа 9 қазан­дық­тың жұмысын жүргізе алады. Қыркүйек айында 7, ал қазан айында тағы екі қазандық қосылады», деді ол.

Ал құлаған мұржаны жаңадан са­лу­ға екі жыл уақыт қажет екен. Қа­зір оның іргетасын келесі мұржаға пай­далануға бола ма, жоқ па деген са­уал­ға жауап ізделіп жатқан көрінеді. «Егер іргетастың беріктігі анықталса, мұр­жа жасауға кірісеміз. Бұл туралы анық ақпаратты кейін береміз», деді ми­нистр.

Айта кететін болсақ, осыған дейін об­лыс әкімі Құмар Ақсақалов ЖЭО-2-нің келесі жылыту маусымына да­йын болатынын жеткізген. Ол жөндеу жұ­мыстарын Теміртау қаласындағы «ҚазЭнергоМаш» корпорациясы атқаратынын да айтқан. «Бұл кәсіп­орын­ның осындай жұмыстарды атқа­ру­дағы тәжірибесі үлкен. Қазір олар ЖЭО-2-нің агрегаттарын жасауға кі­рісіп кетті», деген еді әкім өзінің Туит­тердегі парақшасында.

16 сәуірден бастап Петропавл қа­ла­сында жылыту маусымы аяқтал­ды. Бұл туралы қала әкімі Болат Жұ­ма­беков өзінің қаулысында айтып, мектеп, аурухана, балабақшаларда ғана 8-10 күндей жылу болатынын жеткізген. Бұл да ЖЭО-2-нің әле­гі­мен болып жатқан шара. Әйт­пе­се, солтүстікте жылыту маусымы дәс­түр­лі түрде сәуірдің соңына дейін ба­ратын.

Энергетика министрі Болат Ақшо­ла­қов журналистерге арнаған сө­зін­де көктемгі дала жұмыстарын жүр­гі­зу үшін солтүстікқазақстандық диқан­дар­ға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тоннасы 212 мың теңге болатын 71 мың тонна жанар-жағармай бөлінетінін де жеткізді. Сонымен бірге жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау бойынша мынадай шаралар қабылдау жоспарлануда:

- мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтықты және транс­паренттілікті қамтамасыз ету;

- ірі тұтынушыларда – «Қаз­Мұ­на­йГаз» ҰК» АҚ базасында 150 мың тонна көлемінде және «ҚТЖ» АҚ базасында 50 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтерін құру;

- Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды 6 айға ұзарту бойынша бұйрықты қабылдау.

Осылайша, министрдің сапары жағымды жаңалықтарға толы болды. Халық оның сөзіне сеніп, келесі қыста жылусыз қаламыз ба деген қор­қынышынан біршама арылды. Бірақ күмән толық сейілмеді. ЖЭО-2 ак­цио­нер­лері аса ірі көлемде қаражат бөліп, күрделі жөндеу жасай қояр ма екен? Олардың өздері бұл қалада тұрмайды. Облыстық және қалалық қоғамдық ке­ңес­терде аталған мәселе талай рет қызу талқыланды. Тіпті ЖЭО-2-ні стра­тегиялық нысан ретінде мем­ле­кетт­ің қайтадан өз меншігіне алуы жө­нінде жиі мәселе қойылуда. Бұл сөз­дердің жаны бар. Біреуге кіріптар бол­ғанша стратегиялық нысан мем­ле­кеттің меншігінде болса ха­лықтың жүрегі де толық орнына түсер еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы