• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2022

«Құлжаның» қандай кінәсі бар?

222 рет
көрсетілді

Жақында редакциямызға сексен деген сеңгір жасқа келгенше сот пен прокуратураның табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп жүрген қария келді. Тараз қаласының тұрғыны, талай жыл Жамбыл облысының ауылшаруашылық саласында жауапты қызметтер атқарған Аманқұл ақсақал Нысанбаев «ең құрығанда көзі тірі кезімде ұрпағыма адал екенімді дәлелдеп берсем», деген тілегін жеткізді.

Еңбек ардагерінің «Құлжа-ӨКБ» ЖШС-не (Аманқұл қария осы серік­тес­тіктің директоры) қатысты даулы іспен шағымданып жүргеніне 26 жылға жуық­тапты. Осы уақыттың ішінде құзырлы ор­­гандардан 140-тан астам ресми хат алған. «Бармаған жерім, қақпаған есігім қал­мады. Сот, прокуратура органдары өтініш, талап арыздарымда жазылған жай­дың ақ-қарасын тексерместен тек сыр­­ғытпа жауап беріп келеді. Сол се­бепті де істің мән-жайына мүлдем сәйкес кел­мейтін шешімдер шығарылып отыр. Сал­дарынан әлі күнге дейін құқығымды қор­ғай алмай жүрмін. Соңғы үмітім – сендерде», деп қолымызға екі бума құ­жат­тың көшір­месін ұстатты. Сөйтсек, қа­рияның талай жылдан бері ақиқатын іздеп жүрген екі даулы ісі бар екен.

Біріншісі – «Құлжа-ӨКБ» ЖШС мен «Достық» бекеті арасындағы дауға қа­тысты. Оқиға серіктестіктің 1996 жылы келісімшарт бойынша Өзбек­стан­ның Чиракчи аудандық ауыл шаруашылығы техникасы мекемесіне құны 261 269 АҚШ доллары тұратын ауылшаруашылық техникасын өткізгеннен басталған. Өткізілген техниканың ақысына Өзбекстан Ми­нистр­лер кабинеті құлжалықтарға 760 тонна мақта линтін берген. Алыс-бе­рісті растайтын анықтама, қаулы көшір­ме­лерінің барлығы құжатта қанттай бо­лып тіркеліп тұр. Кейіннен ЖШС 760 тонна мақтаны Қытайдың «Сиюй» фир­масына сатып, тауарды сол жаққа жібе­ру­лерін айтқан. Арнайы берілген жа­сақ Қашқадария облысындағы Касби, Яккабаг, Шархрисабз, Чиракчи мақта зауыт­тарынан мақтаны 17 вагонға тиеп, тікелей Қытайға жібереді. Тауар тасы­мал­дауға жұмсалатын шығын Чиракчи аудандық ауыл шаруашылығы техникасы мекемесіне жүктеледі. Алайда Қы­тайға сатылған мақтаның ақшасы то­лық төленбегендіктен, соңғы 2 вагон ше­карадағы «Достық» бекетінде қалып қоя­ды. Бекет басшыларының келісімімен 2 вагон мақтаны Қытайдың «Синь-Дянь» компаниясына сатып, ақысына олардан 65 тон­на күріш алған. Ал күрішті Тараз қа­ла­сындағы 3 мекемеге таратып береді. «Себебі, Өзбекстанға өткізген техни­ка­ның кейбір бөлшектерін ақшасыз, се­нім­хатпен алған болатынбыз», деп түсіндірді ақсақал.

«Енді 2 вагон мақтаны «Синь-Дянь» компаниясының атына рәсімдеп, жүкті жө­нелтуге Алматы қаласынан қайтып келсек, «Достық» бекеті ол мақтаны өз бет­терінше «Сиюй» фирмасына беріп жіберіпті», дейді осыдан ширек ғасыр болған оқиғаны күні кеше болғандай тәптіштеп түсіндіріп берген А.Нысанбаев. Осыдан кейін «Достық» бекеті мен жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестік арасында мүлік дауы туындап, іс сотқа жетеді. Ал серіктестік таратып жіберген күріштің қарызынан құтылу үшін бар мал-мүлкін, үй-жайын сатып, жетпеген ақшасын елден қарыз алып төлеп берген.

«Соттағы іс сағызша созыла берген соң 2 вагон мақтаның артынан іздеу салып Қытайға бардым. Барсам, «Достық» бекетінің адамдары «Сиюй» фирмасынан 2 вагон мақтаның ақшасын алып, «Құлжа-ӨКБ» ЖШС атынан «150 000 және 387 800 АҚШ долларын алдым» деп өтірік қолхат беріп кетіпті. Осы құжаттарды негізге алған қытайлар менен артық алған ақшаны қайтаруымды талап етіп, азаматтық паспортымды алып қойды. Себебі, қытайлардың бізден алған 760 тонна мақтасы келісімшарт бойынша 250 800 АҚШ долларына бағаланған еді. Ендеше өтірік қолхаттағы сонша артық ақшаны маған не үшін береді?», деген қария даулы істің Қытайда арнайы қаралып, сот сараптамасының шешімімен ол қолхаттардың жасанды екендігі дәлел­денгенін де жеткізді. «Алайда, «Сиюй» фирмасы ақшаны «Достық» бекетіне бергендігін айтып, маған ақша төлеуден бас тартты. Сонымен мен алты ай Қытайда қорлық көріп, сол жақтағы қазақтардың көмегімен елге қайттым», дейді ауыр күндерін бір сәт есіне түсірген ақсақал.

Ол кісі Қытайдан елге қайта алмай жүргенде 1998 жылдың 20 мамырында ЖШС мен «Достық» бекеті арасындағы дау бо­йынша іс Алматы қалалық сотын­да қаралып кетеді. Алматы көлік прокуратурасы құл­жалық­тардың мүддесін қорғап сотқа талап-арыз және «Құлжаның» кінәсіздігін көрсетіп, талап қою мерзімін қалпына кел­­тіруін сұрап сотқа хат жіберген. Бірақ істі қараған судья бұл хатты назарға алмай, ке­рісінше «Құлжа»-ның өзін Өзбек­стан мен Қытай арасындағы «делдал» р­е­тін­де көр­сеткен. Осылайша талап қою мер­­зімінің өтіп кеткендігін желеу етіп, та­­лап-арызды қанағаттандырусыз қалдырған.

«Серіктестіктің өз қаражатына сатып алған мақтасын «Достық» бекетінің басқа бі­реуге беріп жіберуге қандай қақысы бар? Істі қараған судья Өзбекстанның қа­былдаған шешімін неге есепке алмайды? Өйткені судья Өзбекстан құжат­тарымен мүлдем таныспаған. Ол құжат­тар туралы сот шешімінде бірауыз сөз жоқ. Қабылданған сот шешіміне берген наразылық арызымыз да қараусыз қал­ды. Алматы көлік прокуратурасы сот шешіміне наразылық келтіруден бас тартып, қытайларға берген жасанды құжаттары үшін «Достық» бекеті қыз­мет­керлерінің үстінен қылмыстық іс қоз­ғаудың орнына «Құлжаны» мақтаның егесі емес, ортадағы «делдал», олардың бұл іске араласуға қақысы жоқ», дегенді желеу етіп ақыр соңы істі қысқартып тас­тады. Бұл 2000 жыл болатын. Арада аттай 12 жыл өткеннен кейін менің арызыма байланысты 2012 жылдың 16 шілдесінде Бас көлік прокурорының орынбасары А.Тұрсынбековтің қайта тексеруінен кейін жоғарыда көрсетілген шешімдерден шикілік шығып, «Құлжаның» «делдал» емес, мақтаның егесі екені анықталды. Ал осының өзі ұят емес пе?», дейді шарасы таусылған қария.

Осыдан кейін де Аманқұл ақсақал әділ­дік іздеп, біраз сарсаңға түседі. Алай­да істің ескіріп кетуіне байланысты еш­қандай нәтиже шығара алмаған.

«Өткен жылы Әкімшілік рәсімдік про­цестік кодекс күшіне енгенде бір үміт оты тұтанғандай болды. Бар құжатым­ды қолтықтап, қарттық келгенде ең құ­рығанда «делдал», «алаяқ» емес екенім­ді дәлелдеп кетейінші деп, Алматы қаласы­ның әкімшілік сотына тағы арыз бердім. Олар арызымды экономикалық сотқа сіл­теп­ті. Ал бұл сот істі қарау үшін алдын ала 1 146 007 теңге баж салығын төлеуді талап етіп, істі қарамастан кері қайтарып жіберді. Неге? Бұл іс алғаш рет Алматы көлік прокуратурасының талап-арызы бо­йынша 1998 жылы қаралып, сот шешімі шық­қан жоқ па? Енді сол шешімнің дұрыс­тығын тексеру үшін неге баж салы­ғын төлеуім керек?», дейді «Достық» бекеті мен құқық қорғау орындарының тара­пынан жасалынған қиянатқа шыр-пыр болған қария.

Екінші іс – Мәскеу асып кеткен мил­лионға қатысты. Түсінікті болу үшін оқи­ғаны басынан бастайық. 1991 жылы «Құлжа-ӨКБ» ЖШС Мәскеу қала­сындағы «Элитрон» серіктестігімен Тараз қаласында құрылыс мекемесіне қа­жетті заттарды шығаратын зауыт сал­мақ­шы болып келісімшартқа отырады. Келісімшарт талабы бойынша «Элитрон» ақшасы төленген соң зауытқа қажетті құ­рал-жабдықтарды өздері алып келіп орнатулары тиіс болған. Осылайша «Құл­жа» Тараздағы «Таим-Банк»-тен несие алып, бір миллион үш жүз мың сом ақ­шаны Ұлттық банктің Жамбыл облыс­тық басқармасы арқылы Мәскеуге ауда­рады. Тіпті «Таим-Банк» зауытты құл­жалықтармен бірге салатын болып, үлес­кер ретінде келісімшартқа да тұрады. Бір­ақ Мәскеуге жіберілген миллион сол күйі жоқ болып кетеді.

«Жіберген ақшамыз «Элитронға» жетпеген соң олар келісімшартты бұзып жіберді. Мойнымызда қыруар қарыз қал­ды. Үстіне ақша қосып, несиеден әрең құ­тылдық. ЖШС шығынға батты. Ал    жоғалған ақшаны Жамбыл облысындағы Ұлт­тық банк басқармасы іздестіруден бас тартты. Амал жоқ, өз бетімізше іздеу­ге кірістік. 10 жыл өткеннен кейін ғана ақ­ша­ның қайда жатқанын Ресей Үкіметінің көмегімен анықтадық. Ұлттық банктің Жамбыл облысындағы басқармасы ақшамызды сол кезде Мәскеуге жібермей өздері пайдаланған болып шықты. Өйт­кені 1992 жылы жіберген ақша Мәс­кеуге екі жылдан соң 1994 жылдың 18 ақпанында ғана түскен. Мұны Ұлттық банк бізге хабарламаған, бұл жайлы біз тек Мәскеудегі «Фонон» банкісінің хаты арқылы білдік», дейді мән-жайды бастан-аяқ баяндап берген ақсақал.

Алайда оның айтуынша, екі жылдан соң есепшоттарына ақша келіп түскенімен «Элитрон» бұл жайында құлжалықтарға жұмған ауыздарын ашпаған. Керісінше ЖШС-нің атын өзгертіп, әлі күнге ақ­ша­ны заңсыз пайдаланып келеді. Бұл іс бойынша да А.Нысанбаев көмек сұрап, талай есікті қаққан. Ресей прокуратурасы, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жазған хаттарынан да еш нәтиже шықпайды. Бұл іс бойынша қария Ұлттық банктің Жам­был облысындағы филиалын ғана айып­тап отыр. «Олар ақшаны уақтылы жібер­мегенімен қоймай, сол ақшаға қа­тысты қажетті құжаттарды қасақана жойып жіберіп, өздерінің заң бұзушылық әрекетін жасырып отыр. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы №1945-ХІІ қаулысына сәйкес, олар ақшаны 12 күннің ішінде жеткізіп беру­ге міндетті болатын. Ал олар болса ақша­ны 720 күннен кейін аударып отыр. Заң бойынша Ұлттық банк қабылдаған ақ­ша­ның әрбір кешіктірген күніне сол қар­­жының 0,5% айыппұлын төлеуге мін­­детті. Бұл талап та орындалған жоқ», деген А.Нысанбаев Ұлттық банк тарапынан кел­тірілген залалдарды өндіріп алу мақсатын­да талап-арызбен бірнеше рет сот­қа жүгінгенін де айтып берді. Алайда жеме-жем­ге келгенде сот ақсақалдың та­лап-арызын қарау үшін алдын ала мем­ле­кеттік баж салығын төлеуді талап еткен. Осы­лайша еңбек ардагерінің 7 рет жолдаған талап-арызын кері қайтарған. «Прокуратура да біздің мүддемізді қор­ғап сотқа талап-арыз беруден бас тартты. Олардан «Сотқа жүгіну керек», деп кеңес беруден ары аспаған 100-ге жуық хат алдық. Сексенге келгенде мен осы істердің ақ-қарасын ажыратып берем деп жүріп кәнігі заңгерге айналдым. Заң мен кодекстерді жаттап алдым. Мәселен, Азаматтық кодекстің 353-бабына сәйкес басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін Ұлттық банк бізге айыппұл төлеуге міндетті», дейді кодексті құжаттарымен бірге қоса алып жүрген қария.

Ақша Мәскеуге сом кезінде аударыл­ған. 1993 жылы төл теңгеміз шыққаннан кейін жоғарыдағы миллионнан астам сомның құнсызданып кеткені түсінікті. Алайда Аманқұл ақсақал мынандай дәйектерді алға тартты.

«Статистика комитетінің анықта­ма­сы­на сәйкес 1992 жылдың 1 ақпа­ны­нан 1993 жылдың 15 қарашасына (Қазақстанның теңгесі шыққан күн) ақ­шаның құнсыздан­уы 13606,7% болған немесе 1 300 000 сом ақшамыз 353 774,2 теңге болған. Ендеше 1994 жылдың 18 қаңтарында, яғни ақша Мәскеуге түскен күні бұл қар­жы 757 642,8 тең­ге­ні құраған. Демек, жоға­рыдағы қау­лыға сәйкес Ұлттық банк әрбір ке­шіктірген күніне 0,5% айып ақы тө­леуге міндетті болған жағдайда 757642 тең­ге кешіктірген 720 күн үшін 2 727 511 теңгеге жеткен. Қаржы 1994 жылы «Элитрон» серіктестігінің есепшотына түскенде 757 642 теңгені құраған болса, бүгінгі күні ешқандай өсімсіз 51 375704 теңгені құрап отыр. Ал бұл қаржыны «Элитрон» 28 жылдан бері тегін пайдаланып келеді», дейді маңдай термен тапқан әр тиынына есеп жүргізіп келген ақсақал. Бізге ұстатқан бір бума құжатта осы іске байланысты барлық дәлелді ісқағаздар мен құжаттардың көшірмесі тіркелген екен.

ТҮЙІН. Рас, Аманқұл ақсақалдың осыншама жылдар бойы әділдік сұрап, ақиқатын анықтамақ болып жүрген бұл екі ісі де күрделі. Әр сөзін, әр дерегі мен әрбір хатын тиісті құжаттармен, құзырлы органдардың шешімдерімен шегелеп, дәлелдеп беріп отырған қарияның ыждағаттығы мен мұқияттылығына риза бол­дық. Алайда сан жыл сергелдеңге салған даулы істер қарияның денсаулығына да салмағын түсірген. «Менде қазір бір ғана мақсат бар – көзімнің тірісінде осы істер­ді түбегейлі шешіп, «Құлжаның» кінәсіз, өзімнің алаяқ емес екенімді дәлелдеу», дейді қария.