Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнара Ықсанованың жетекшілігімен комитеттің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева қатысты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Инновациялық цифрлық білім беру Mozaik Education шешімінің тұсаукесері (Венгрия) және Қазақстан Республикасының бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт жобасының таныстырылымы жасалды. «Mozaik Education» (Венгрия) компаниясы атқарушы директорының орынбасары Петер Торок «Мектеп үнемі өзгермелі әлемде табысты болуға қабілетті адамды дайындауға талпыныс жасайды», деп Гарвард университетінің (АҚШ) профессоры Тони Вагнердің сөзімен бастап, ағылшын тілінде баяндама жасады.
Қолданыстағы білім беру жүйесінің негізгі кемшіліктері неде? Білім беру мазмұны, мұғалімнің дайын ақпаратты оқушыға беруі, оқушының пәндер бойынша білім, білік және дағдыларды қарапайым деңгейде меңгеруге бағдарлануы.
Орта білім беру мазмұны неліктен жаңартылуы керек? Сарапшылардың пікірі бойынша, бірінші себеп – экономикалық. Балаларды өмірде өз орнын табуға үйрету керек. Екінші себеп – мәдени. Балаларды өз ұлтына тән сезімін дамытуға үйрету керек. Таныстырылым барысында Білім және ғылым вице-министрі Е.Иманғалиев, «Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары Л.Орақбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ә.Әмірова және Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы А.Құсайынов ойларын ортаға салды.
Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаева да өзінің ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесінен көтеріліп отырған тақырыпқа орай ұсыныстарын білдірді.