• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Елімді сағынып ораламын

260 рет
көрсетілді

Мен Қазақстан жерінде, қазақ топырағында, дәлірек айтсам, Маңғыстау өңірінде өмірге келдім. Бірақ, ата-анамның жұмыс бабымен Қырғызстанда да тұрдық. Қырғызстанға қоныс аударғанда бес жаста едім. Сол елдің Жалалабад қаласында мектепте оқыдым. Кейін Бішкектегі хореографиялық училищені бітірдім. Адам өзінің тағдыры қалай қалыптасарын алдын ала болжай алмайды ғой. Мұны жұмысымды Ресейдің Челябі қаласында бастағаныма байланысты айтып отырмын. Ал 1992 жылы Қазақстанға қайта оралуыма тура келгенде қатты қуандым. Өйткені, менің кіндік қаным қазақтың жерінде тамды емес пе? Оның үстіне қазақ пен татар халқының бір-бірімен туыстық байланысы бар. Біздің халықтардың тамыры бір, дініміз де бір, тіліміз де ұқсас, түркі жұртының балаларымыз ғой. Тіпті, бабаларымыз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болған. Мұның бәрі бүгінге дейін екі халықтың арасындағы туыстық, достық байланыстардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба беретінінің дәлелі. Бұл күндері шешем Татар­станда тұрса да жиі байланысып, хабарласып тұрамыз. Сонда шешем: «Қазақстан халқының бірлігі, татулығы мықты ғой. Көршілеріңмен, жора-жол­дас­тарыңмен, достарыңмен ұдайы тату бол. Еліңді, қазақ халқын, олар­дың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, өнерін құр­метте. Қазақстанның өркендей беруіне үлесіңді қосудан тартынба, қолыңнан келсе, көмегіңді аяма», дегенді телефонмен болса да ұдайы айтып отырады. Мұны шешемнің аманаты деп түсінемін. Бұл өмірде адамдардың та­ту­лығынан, достығынан қымбат нәрсе жоқтығын балаларымның құлағына құйып келемін. Өзім же­текшілік ететін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі өткізетін шараларда бас қосатын Атыраудағы үлкендеріміз де жастарға осындай өсиетін әр­дайым айтып келеді. Себебі, Қа­зақстанның әр өңірінде бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмысын жалғастыруда. Атырау өңірінде де 2300-ден астам татар-башқұрт өкілдері тұрады. Оларға өзге ұлттың өкілісің деп ешкім айтпайды. Керісінше, қазақ халқының қонақжайлылығы, досқа адалдығы еліміздегі барша ұлттарды бір-бірімен сыралғы достардай біте қайнастыруда. Мұның басқа да себептері бар. Біріншіден, Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаев барша қазақ­стан­дықтардың арасында бірлікті берік орнықтырып келеді. Екіншіден, мемлекет тарапынан өзге ұлттардың ұлттық құндылығынан ажырамауы үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, бізде үш буынның басын қосатын, татар-башқұрт халықтарының ұлттық өнерінің терең тамыр жаюына жол ашатын үш шығармашылық ансамбль бар. Кіші топтағы балалар «Балақайда» жиналып, ұлттық өнермен сусындай бас­тайды. Ал орта буындағы жас­тар «Татулық» жастар қанаты» ансамблінде ұлттық өнердің құндылықтарын бойына сіңіреді. Ал ағаларымыз бен әпкелеріміз «Татулық» ансамблінде ертеден келе жатқан өнеріміздің тамыры үзілмеуін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттайды. Қазақ халқының өнерін де меңгереді. Шараларымызды мемлекеттік тілде де өткіземіз. Өзім, сонымен бірге, жасөспірім қыздарды би өнеріне баулимын. Оған ұл­тына қарамай, би билеуге ике­мі, қабілеті бар қыздарды қабыл­даймын. Оларға бір-бірімен тату, дос болудың маңызын түсіндіріп жүремін. Біздің Қазақстанды мекен еткен барша халық үшін ынтымақтан, бірлік пен та­ту­лықтан, тұрақтылықтан қымбат нәрсе жоғына көзіміз жетті. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды», деп бекер айтылмайды ғой. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен сал­танатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Биші қыздарымды өнер сайысына қатыс­тыру үшін алыс жол жүр­сем, туған елім – Қазақстанға тезі­рек жетуге асығамын. Сондайда жүре­гімді туған елге деген сағы­ныш сезімі кернейді. Ел шебіне ен­ген сәтте-ақ мен үшін қазақ жері­нен өзге қымбат әрі құтты мекен бол­майтынын анық сезіне бастаймын. Осындай толғаныс сезіммен еліміздегі бірлік пен татулық арта берсе екен, еліміздегі тыныштық мәңгілік болса екен деп тілеймін. Қазақстандай экономикасы қуатты, халықтары өзара тату елде тұратынымды ұдайы мақтан тұтамын. Гүлсина БАЙКЕНОВА, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Атырау облысы.