• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Сандалтқан сан тексеріс

319 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкер Виталий Михайлов бұрынғы балабақшаны өз иелігіне сатып алып, бүлдіршіндердің жекеменшік мекемесіне айнал­дыр­ған болатын. Алайда, соңғы кездері жоспардан тыс түр­лі тексерулердің салдарынан темір­дей жүйкесі сыр бере бас­таған. Жұмыстан да береке кетіп, жұмысшы-қызметкерлер мен ата-аналар арасында қолайсыз ахуал орныққан. Құзырлы орындар тарапынан жөн-жосықсыз талаптар үдеп бара жатқаннан кейін кәсіпкер қорғанудың амалына кіріскен. Облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымданып, істің ақ-қарасын анықтап беруді өтінген. Оған жолдаған хатында «Балапан» бағдарламасы шеңберінде бөбекжай-балабақша ашқанын, 366 шаршы метр аумақты қамтитын ғимаратты қалпына келтіру үшін бірнеше рет несие алғанын, мекеменің іші-сырты талаптарға сай толық жабдықталғанына қарамастан мағынасы жоқ тексерістерден көз ашпай отырғанын жаза келіп, араша сұраған. Кейін мәлім болғандай, кикіл­жің даудың тұтануы бір ата-ананың балабақшаның ішкі ережесін өрескел бұзуынан басталған. Олар еркетотай баласын кешіктіріп әкелуді әдетке айналдырған. Тәрбиешінің ескертуіне дөрекі түрде жауап беріп, оның ақыры қоқан-лоқыға ұласқан. Сол-ақ екен, сандалтқан сан тексеріс қап­тап қоя берген. Алдымен са­­ни­тарлық-эпидемиологиялық қа­дағалау басқармасы кәрін төккен. Әр топтың жеке жуынатын бөлмесі болуы шарт деген уәжді көлденең тартып, 4 топтың орнына 48 орынға шақталған 2 топ ашуға ғана рұқсат берген. Басқа мектепке дейінгі балалар мекемелерінде осы ережені бұзған іс-әрекеттерге көз жұма қараған. «Ала қойды бөле қырыққандай» әбден күзегенге ұқсайды. Бір тексерістің ізі суымай жатып білім саласындағы бақылау департаменті сайтандай сап ете қалып, жан алатын әзірейілше шүйліккен. Директордың еңбек демалысынан шығуын күтпестен дүние күйіп бара жатқандай «шаш ал десе, бас алатынның» керін келтірген. «Қырағы көздер» оқыту жоспарында бірнеше сабақ бойынша артық уақыт қосылғанын «байқап» қалып, бөбекжай-бақшаның меңгерушісіне 37 мың теңге айыппұл төлеуді міндеттеген. Жоғары білімді екі педагог қайта даярлау курстарынан өтпеді деп директордың үстінен сотқа шағымданған. Жоғары білімді мамандардың жұмысқа жаңа қабылданғанын, курстарға жазылып қойғандарын құлақтарына да ілмеген. Бейне бір жау шапқандай апай-топайын шығарған. Отыз жылдық еңбек өтілі бар меңгеруші орынсыз қысымға төтеп бере алмаса керек, жұмыстан кетуге арыз берген. Кей ата-аналар сенімсіздік көрсетіп, балаларын алып кеткен. Жай оғындай жарқылдап төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жетіп келгенде бөденедей бұғып қалған мұндағыларда иман-зәре қалмаған. Ешқандай заңсыздық таппаса да алдын апырып, жанын жапырып кеткенге ұқсайды. Салық департаменті тексеріс жүргізетіні туралы үшбу сәлем жолдағанда әбден төзімі де, шыдамы да таусылған В. Михайлов Кәсіпкерлер палатасына қай­рылуға мәжбүр болған. Шағым өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес облыстық прокуратураға жіберілген. Егжей-тегжейлі тексеріс қорытындысы негізінде жоспардан тыс әрі заңсыз бейберекеттікке жол берді деген шешім қабылданған. Бірқатар тұлғалар әкімшілік жазаға тартылған. Бүгінде Виталийдің ұйқысы түзу, көңілі тыныш. Ол бәрінен бұрын Елбасы Жарлығымен қабылданған орта және шағын бизнес қызметі үшін жағдайды жақсарту туралы шаралар ішінде негізсіз тексерулерге мораторий жарияланғанына дән риза. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.