• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2014

Аккредиттеу жетістіктерге жетелейді

588 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау саласы жиі сынға ұшырап жатады. Десе де, соңғы жылдары медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында бұл салада көптеген жұмыстар атқарылу үстінде. Соның бірі – медицина ұйымдарын аккредиттеуден өткізу. Бұл мәселені талқылау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Дәулетхан ЕСІМОВТІ сөзге тарттық. Дәулетхан Серғазыұлы, соң­­ғы кездері медици­налық ұй­ым­дарды аккредиттеу деген ұғымды жиі кездестіреміз. Жалпы, аккредиттеу дегеніміз не? Не үшін қажет? – Аккредиттеу сөзі латын тілінен енген. Сенім білдіремін деген мағынаны білдіреді. Ол – медицина ғылымы мен технологияның қазіргі заманғы дамуы негізінде бегіленген стан­дарттарға сәйкестігін бағалау үшін қолданылатын үрдіс. Аккредиттеу – еріктілік, тәуелсіздік, әділдік, жариялылық және айқындық қағидаттарына негізделген, әрі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтауды қалыптастыру, меди­циналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүргізіледі. – Елімізде мекемелерді аккредиттеуден өткізу жұмысы қа­шан басталды? – 2007 жылы Қазақстан Рес­публикасының Денсаулық сақтау министрлігі ең алғашқы ұлттық стандарттарды бекітті. Ол стандарттар талай өзгеріске ұшырады. 2009 жылдан бастап бізде аккредиттеу рәсімі басталды. Жыл санап аккредиттеуден өтуге ниеттенген мекемелердің саны ұлғайып жатыр. – Демек, аккредиттеуден өтуге кез келген медициналық ұйым өтініш білдіре алады ғой? – Әрине, аккредиттеу ерікті түрде өтеді. Бізге мекемелер сырт­қы кешенді бағалап, өткізуді сұрап алдымен өтініш береді. Бағалаудан өту медициналық мекемелердің өздері үшін пайдалы. Себебі, тә­жі­рибемізден байқағанымыздай, көбінесе халық сыртқы кешенді бағалаудан өткен медициналық ұйымға сенім артады. – Аккредиттеуден өткізу үшін қаражат қажет пе? – Жоқ, бізде Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің «Денсаулық сақтау саласына технологияларды беру» жөніндегі жобасы шеңберінде аккредиттеу тегін өткізіледі. Дамыған ел­дерде медициналық ме­ке­мелер сыртқы кешенді бағалауға қатысу үшін мол қаржы жұмсайды. Бұл жағынан алғанда аккредиттеудің тегін өткізілуі – отандық медициналық ұйымдар үшін едәуір көмек болып табылады. – Жалпы, бағалау барысында басты назар неге аударылады? – Аккредиттеуден өтуге ниеттенген медициналық ұйымдар жан-жақты бағалаудан өткізіледі. Себебі, ол кезде жалпы басқару, дәрілік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, науқастың қауіпсіздігі, қаржыны басқару, еңбек шараларының жүргізілу барысы, ішкі аудит, ресурстарды басқару, еңбек гигиенасы және т.б. параметрлерге жіті назар аударылады. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға, техникаларды заман талабына сәйкестендіруге, медицина саласын жетілдіруге септігін тигізеді. – Аккредиттеу медици­на­налық ұйымдарға не береді? – Жаңа айтып өткенімдей, ба­ға­лау барысында көптеген пара­метр­лерге назар аударылады. Сон­дықтан біз ол мекемелердің әлсіз тұстарын айқындап, оң нә­ти­же беретін жолдарын көрсете­міз. Бұл медициналық көмек сапа­сының жақсаруына септігін тигі­зе­ді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гауһар ЕРМЕКБАЕВА.