Ақмола облысында ішкі істер департаментінің Багира есімді иті кезекті қылмысты ашуға тікелей көмек көрсетті.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегі бойынша, 7 сәуір күні Сандықтау аудандық полициясының кезекші бөліміне Қызыл Қазақстан ауылының 25 жасар тұрғыны жергілікті ЗТЖМО ғимаратында белгісіз біреулердің сөмкесінен ақша ұрлап кеткені туралы шағым түсірген. Ал ұрланған ақшаның көлемі 70 мың теңге болып шықты.
Дабыл негізінде оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері іске шұғыл кірісті. Олардың қатарындағы жылдам тергеу жүргізу тобының инспектор-кинологы старшина Иван Мищенко іздеуге Багира есімді итін қосып жібереді. Ал із кескіш итке күдіктіні табуға бірнеше минут керек болған. Ол ұрлық жасағаны аңғарылған Тучное ауылының 43 жастағы тұрғынын ұстады.
Руслан ИГІЛІК.