• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2022

Жастардың сайлау процестеріне қызығушылығын арттыру қажет

484 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Павлодар облысындағы жұмыс сапары кезінде Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылындағы №189 сайлау учаскесінде болып, ауылдық округ әкімінің сайлану барысымен және учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты.

Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде жаңатілектіктер ауыл әкімінің сайлауына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар алғаш рет ауыл әкімін баламалы негізде өздері сайлау құқығына ие болып отырғандарын жет­кізді. «Қоғамдық келісім» ғима­ратында өткен жиында Н.Әбдіров саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, қо­ғам белсенділері, блогерлер, Пав­лодар облысының сайлау комис­сияларының мүшелерімен кез­десіп, Жолдауда айтылған сайлау жүйесін жетілдіру мәселесі төңірегінде пікір алмасты.

Кездесу барысында жұртшы­лық өкілдері Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауында Орталық сай­лау комиссиясының төраға­сы мен мүшелерінің саяси пар­тия­лардан міндетті түрде шы­ғуы туралы айтқан бастамасын қолдайтындықтарын жет­кізді. Жиында Жалпыұлттық со­циал-демократтиялық партия фи­лиалының төрағасы А.Са­ған­дықова саяси пар­тия­лардың Мәжіліске өту шегін 5-тен 3%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай шара партиялардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға және олардың заң шығарушы биліктің жоғары органындағы өкіл­дігін көбейтуге ықпал етпек. Ал «Қазақ зағип жандар қоға­мы» қоғамдық бірлестігінің өкіл­дері жергілікті атқарушы орган­­дардың сайлау комиссия­лары­мен бірлесіп, дауыс беру үшін қажетті жағдайларды қамта­масыз ету керектігін алға тартты.

«Ақ жол» партиясының өкілі Қ.Садырбаев барлық сайлау учаскелерін бейнебақылау құралдарымен жабдықтап, оларды интернет арқылы тарату мүмкіндігін қолға алуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл азаматтардың сайлау институтына деген сенімін арттырады.

Басқосуда электронды да­уыс беруді енгізу мәселелері де қоз­ғал­ды. Қатысушылардың бар­лығы дерлік қағаз бюл­летень­­дерді пайдалана отырып, дәстүрлі дауыс беруді өт­кізу­ді қолдады. Ал кейбір қа­тысу­шылар электронды дауыс беруді енгізуді ұсынды.

Өңірге сапар аясында Н.Әбдіров жоғары оқу орындары және колледж студенттерімен де кездесті. Дәстүрлі басқосу барысында 2019 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырған «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» халықаралық олимпиадасына қатысқан жас­тар тәжірибесін айтып, елімізде де осындай іс-шаралар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ олар орта және жоғары оқу орындарында электораттық оқыту бойынша факультативтік курстарды енгізу қажеттігі туралы мәселе көтерді.

Облыстық мәслихат депутаты С.Жартыбеков пропорционалды сайлау жүйесі бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде партиялар ашық тізім қолдануға тиіс деген ойын ортаға салды. Оның пікірінше, бұл сайлаушылардың тек партияға емес, депутаттық корпусқа ұсынылатын нақты кандидаттардың кімдер екенін біле отырып дауыс беруге мүм­кін­дік бермек. Ал «Жасыл Ел» эко­логиялық ұйымының өкілі Р.Самабекова жастар арасынан Мәжіліс және мәслихат депутат­тығына кандидаттар үшін сайлау жарнасының мөлшерін азайтуды ұсынды. «Бұл жастарды сайлау құқығын пайдалануға ынталандыра түседі», дейді ол.

Кездесуге қатысушылар сайлау комиссияларына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды ұсынды. Олардың пікірінше, осындай ақпараттық ре­сурс­тардың арқасында жастар­дың сайлау процестеріне деген қызығушылығын арттыруға болады.

Amanat партиясының өкілі Данияр Айтышев сайлау про­це­сінің өзекті мәселелерін, оның ішінде жастарды құқықтық ағарту және олардың электорат­тық белсенділігін арттыру мәсе­ле­лерін талқылау үшін Ортсай­лауком жанынан Жастар алаңын құру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс көтерді.

Кездесуге қатысушылар жас­тарды сайлау процесіне ерік­тілер мен байқаушылар ретінде ғана емес, сайлау комис­сияларының құрамына да тарту қажеттігін атап өтті.

 

Павлодар облысы