Ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету екендігін ерекше атап өткім келеді. Соның айғағы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы көңілге қонды.
Өткен жылы елімізде осы бағытта біраз жұмыс атқарылып, нақты жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, заңнамалық актілерге діни бірлестіктерді тіркеу тәртібі жеңілдетілді, әйелдер еңбегін пайдалануға қатысты шектеу орнатылған жұмыстар тізбесі алынып тасталды, полиция қызметтік моделінің жеке элементтері енгізілді, сондай-ақ сотталғандар мен уақытша қамаудағыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету функцияларын Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беру заңдастырылған болатын. Бұдан бөлек, сотталғандарды жұмысқа орналастыру және оларды әлеуметтік бейімдеуге арналған өзгерістер енгізілгенін де атап өткен жөн.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобалары әзірленді, мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау қарастырылды.
Өз кезегінде өкілетті мемлекеттік органдар әлеуметтік қатыгездікті бағалауға арналған критерийлерді бекітті және зорлық-зомбылық салдарынан болған дене жарақаттарын, психологиялық әсерлерді құжаттау бойынша қанатқақты жобаны іске асыру жөніндегі нұсқаулық қабылдады.
Жарлық еліміздегі адам құқықтарын қорғауды жетілдіруге зор үлес қосады десек, қателеспейміз. Жарлыққа сәйкес Үкіметке бірқатар жұмыс бағыттарын көздейтін адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.
Осыған орай, әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, бірлестіктер бостандығы құқығы, мүгедектерге қатысты адам құқықтары, қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтарын қарастыру және БҰҰ органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру сияқты тағы да басқа мәселелер қарастырылған.
Аталған өзгерістер Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі агенттігінің (UNHCR) жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді деген үміт зор. Мысалы, Қазақстан аумағында көптеген босқын бас сауғалап жүр, олардың мәртебесі мен тұрмыс жағдайы, саяси әлеуметтік құқықтары жеткілікті түрде қорғалмаған. Ал мына енгізілген өзгерістер олардың мәртебесін айқындауға көмектесетіндігі анық.
Жалпы, адам құқықтары саласындағы бұл өзгерістер Қазақстанда босқындарға көмектесу бойынша атқарылып жатқан маңызды жұмыстарды қолдауға арналған. Олардың қабылдануы адам құқықтарының іс жүзінде алға дамуына жол ашып, осы саладағы заңнамаларды тиісті дәрежеде қамтамасыз етуге апарары сөзсіз. Бұл маңызды мәселеге қол жеткізу Қазақстанның халықаралық деңгейдегі адам құқықтары саласындағы нормативтерге бейіл екенін білдіреді.
Бұған қоса, бұл өзгерістердің Қазақстанда орын алатын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуде ықпалы бар екендігін айту керек. Атап айтқанда, өзгерістер гендерлік теңдікке, отбасы мен неке қатынастарындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға оң әлеуметтік үлесін қосары даусыз.
Мемлекет басшысының адам құқықтары туралы заңға енгізген жаңа заңнамалық өзгерістері ел дамуының парадигмасын өзгертуге бағытталғанына сенімдімін. Президент әрбір қадамын ой елегінен өткізіп, соған нық қадам басуға дайын екендігін бірнеше рет көрсеткен болатын.
«Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасында адам және оның құқықтары негізгі құндылық болуға тиіс. Бүгінгі күні әрбір зайырлы мемлекетте адам құқықтарының алар орны ерекше, олар қоғамның басқа салаларынан әлдеқайда жоғары болып саналады.
Адам мен оның құқықтарын қорғау – ғаламдық тренд. Бұл ретте диалог пен ымыраға келу мәдениетін дамыту да маңызды мақсат болып отыр. Себебі ол елімізде азаматтықты нығайтудың басты факторларының бірі екені рас.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Менің бірінші мақсатым – адам құқықтарын қорғау» деп айтқан болатын. Сондықтан бұл өзгерістердің іске асырылуы Жаңа Қазақстанды құруға оң септігін тигізеді.
Бану НҰРҒАЗИЕВА,
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті