• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2022

Кәріз жүйелері тозып тұр

495 рет
көрсетілді

Талай жылдан бері көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған өңірдегі шайынды сулардың жағдайы әлі реттелмей келеді. Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына жайылуда. Оның қолқаны қапқан күлімсі исінен бұл күнде жергілікті жұртшылық та зәрезап болған.

Мәселен, Тараз қаласынан Жам­был ауданының орталығы Аса ауылына қарай ары-бері өткен жолаушылар бұл жағдайды жақсы біледі. Қаладағы кәріз жүйелерінің тозғандығынан екі ортадағы бірқатар ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Бұл мәселені жергілікті жұртшылық та талай рет көтерген. Тіпті әкімдердің есеп бе­ру жиындарында да бұл өңірдегі күр­делі мәселелердің бірі ретінде жиі айтылатын. Бірақ жауаптылар мәсе­лені басшылыққа алғанымен, әйтеуір түр­лі себеппен шешімін таппады. Жер­гілікті жұртшылықтың жанай­қайы болып келе жатқан мәселені ­жуыр­да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кө­теріп, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Енді бұл мәселенің қалай реттелетінін уақыт көрсетеді.

Тараз қаласындағы кәріз жүйе­лерінің құрылысы өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған. Одан бері жетпіс жылдан астам уақыт өтті. Мәселе сол күйі қалып келеді. Тіпті бүгінде көптеген елді мекеннің тұрғындары пайдаланып отырған құдықтардағы су сапасы ешбір санитарлық талаптарға сәйкес кел­мейді. Бұл да тұрғындардың денсау­лығына қауіп төндіретін жайттың бірі. Сонымен қатар кәріз суларын тазалау қондырғысы еліміз бойынша Тараз қаласында ғана жоқ екен. Ал уақыт өткен сайын қаладан шыққан қалдық сулар Жамбыл ауданының аумағына жайылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне кедергі келтіруде.

«Қаланың қалдық сулары Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының маңында орналасқан көлемі 197,07 гектарды құрайтын сүзгі алқабына төгіледі. Қазіргі таңда қаладан алқапқа кәріз жүйелері арқылы қабылданып жатқан қалдық су көлемі тәулігіне 65-70 мың текше метр болса, көктемгі және күзгі жауын-шашын кезінде ағып келіп жатқан су көлемі тәулігіне 100-120 мың текше метрді құрап отыр. Аумақтағы Жамбыл ауданына қарасты Бірле­су-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендерінде құдықтан алынған су сапасы ешбір санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Сондай-ақ соңғы жылдары сүзгі алқаптың маңындағы ауыл шаруашылығына пайдаланып отырған жерлерде жер­асты суларының деңгейі көтеріліп, батпаққа айналуда», дейді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Бұл ретте шаһар басшысы өзекті мәселені шешу үшін өңірді шұғыл түрде техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдап, апаттың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу қажет екенін айтады.

Шынында да, тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жағдайы аймақтағы күрделі мәселенің бірі. Ауыл тұрғын­дарының санитарлық талапқа сай келмейтін су ішуі, ауаның ластануы, бәрі де үлкен қатер екені анық. Дегенмен аталған мәселені шешу үшін өңірде тиісті сала басшы­ла­ры әрекет етіп жатқанын да жет­кізді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, биыл облыс орталығына кәріз суларын тазарту қондырғысын салу бойынша еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігі республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есе­бінен Тараз қаласында кәріздік та­зарту құрылысын салу жобасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» әзір­леніпті. Сондай-ақ ол 2018 жылы аталған мәселе бойынша техникалық-экономикалық негізде­ме дайындалғанын, енді сол құжатты қайта қарап, жобалық-сметалық құ­жат әзірлеу мен мемлекеттік сарап­тама қорытындысын алу қажет еке­нін айтты. Егер жобалық-сметалық құжат дайындалған жағдайда жобаны іске асыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігіне бюджеттік өтінім беру көз­делген. Ал құрылыс жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев­тың айтуынша, республика көлемінде кәріз тазарту имараттарын салуды ха­лықаралық қаржы ұйымдарының қар­жысына іске асыру туралы шешім қабылданып, 53 қаланың тізіміне Тараз, Шу, Қаратау, Жаңатас қалалары да енгізілген екен.

Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Әулиеата өңірін бас­қарған әкімдердің бәрі де аталған жайдан хабардар болатын. Тіпті мәселені шешу үшін талай рет талпыныс та болған. Алайда жұртшылықтан сү­йінші сұраудың сәті түспеген. Осы мәселеге байланысты өткен жиында да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталған мәселенің маңызды екенін және тұрғындардың талай жылдан бері көтеріп келе жатқанын, ал­дағы уақытта шешілмесе мұның күр­делі мәселеге айналатынын ес­керт­кен. Тіпті ұзаққа созылатын құ­жат әзірлеу жұмыстарын күт­пей, мәселені тез арада шешу жол­да­рын қарастыру керектігін де айтқан. Расында да, мұндайда құжат әзірлеу жұмыстарының көп уақыт алатыны белгілі. Қазіргі кезде Тараз қаласының қолданыстағы сүзу алаңдарының толуына байланысты қосымша кар­та­лардың құрылысына 20 гектар жер те­лімі алыныпты. Енді жұмысты жеделдету үшін тиісті зерделеу жүргізілсе, бұл да көптен бері келе жатқан күрделі мәселені шешуге деген оң қадамның бірі болатын еді.

 

Жамбыл облысы