«Павлодар қаласы сусыз қалады» дегенді естіген жергілікті тұрғындар абдырап қалғаны рас. Шалғайдағы елді мекендердің өзі сапалы ауыз судың қызығына кенеліп жатқанынан хабардар шаһарлықтар түсініксіз ойдың жетегінде жүргені жасырын емес. Мәселенің мәнісіне үңіліп көрелік.
Жағымсыз ақпаратты Павлодар қаласын таза ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етіп отырған монополист ұйым – «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшылығы жариялап, қара бұлтты төндірді. Тіпті жергілікті билік қысым жасап, «рейдерлік жолмен бизнесімізді тартып алғалы жатыр» деп жар салды.
Әңгімені әріден бастайық. 2018 жылы «Павлодар-Водоканал» кәсіпорнының құрылтайшысы Ертіс өзенінің сағасында жиналған құм тұрғындар тұтынатын суға түспес үшін құмнан кірпіш жасау бойынша инвестициялық жобаны қолға алған болатын. Жоба мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енді. Осылайша, шикізатты оңтүстік бөліктегі су жинау аумағынан алу жөнінде келісімшарт жасалды. Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен шаруашылыққа қажетті жер телімі де бөлінген.
Павлодарлықтарға кәсіпкер Георгий Шпейзердің есімі жақсы таныс. Құрылыс материалдарын өндіріп қана қоймай, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызумен аты мәшһүр. Оны тілге тиек етіп отырғанымыз бекер емес. Георгий және оның жұбайы Иренаға «Павлодар-Водоканал» ЖШС, Kaz Ziegel, «WEST-Квазар» сияқты ірі компаниялар тиесілі. Кірпіш, бетон өнімдерін шығаратын «WEST-Квазар» серіктестігі құмды қайдан алатынын жоғарыда жаздық. Кәсіпкердің айтуынша, 2018-2020 жылдар аралығында Ертіс сағасы құмнан жүйелі тазаланып келген. Суды құмнан тазартатын гидротехникалық нысандарды салу үшін 542 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Десе де, 2020 жылы облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы жер телімі заңсыз берілгенін анықтап, келесі жылы мамандандырылған ауданаралық сот жер телімін жалға беру туралы келісімшартты заңсыз деп таныды. Кәсіпкердің безектеп отырғаны содан. Ол былтыр өзен сағасы құмнан тазаланбағандықтан су беру жүйесі дағдарысқа ұшырайтынын алға тартуда. Құмды тазарту жұмыс- тарына шектеу қойылса, павлодарлықтар ауыз судан қағылады деп байбалам салуда. «Мұның барлығы сылтау сияқты. Бұл – біздің бизнесімізді рейдерлік жолмен басып алудың амалы», дейді кәсіпорын басшылығы.
Жергілікті биліктің өз уәжі бар. Олар соттың шешіміне қарсы келе алмайтынын айтады. Заң бәріне ортақ. Ал павлодарлықтарды сумен қамтуға алаңдауға негіз жоқ, деп сендірді Павлодар қаласы әкімдігі.
ПАВЛОДАР