• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Сәуір, 2022

Биыл бюджеттің кірісі артады

196 рет
көрсетілді

Республикалық бюджеттің кірісі 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджетті талқылау кезінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірісі 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі өсім мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж тұрғысында, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша күтілуде», деді Т. Жақсылықов.

Оның айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 трлн 030 млрд теңгеге дейін немесе 1 трлн 630 млрд теңгеге ұлғайтылады.

«Қаражат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталатын болады. 2022 жылы бюджет тапшылығын 2 трлн 978 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде айқындау ұсынылады. 2022 жылы мұнай емес тапшылықтың деңгейі бағалау бойынша жалпы ішкі өнімге қатысты 10,2% құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылады», деді ол.

«Қорытындылай келе, 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2022 жылға арналған макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамын нақтылау, бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қабылданып жатқан шұғыл және жүйелік сипаттағы құжаттардың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған», деді Тимур Жақсылықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылау енгізіліп отыр.