Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі саяси өзгерістердің бастауы азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тікелей қатысты екенін атап көрсетті. Яғни азаматтық қоғам өңірдегі сұрақтардан бастап жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетулері қажет. Жаңа Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институтын қолға алу және дамыту өте маңызды екені түсінікті.
Ендігі мәселе – «Бұл өзгеріс неден басталады?» деген сұрақ төңірегінде болып отыр. Жаңа Қазақстанда жаңа белестерге батыл қадам жасау үшін не істеуіміз қажет? Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру жауапкершілікті кімге жүктейді? Өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісі қалай жүзеге асырылады? Алматы қаласындағы өткен КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat ұлттық сараптамалық алаңының отырысында «Жергілікті өзін-өзі басқару – демократия мектебі» тақырыбы талқыға түсіп, пікірталас алаңына жиналған сарапшылар, саясаттанушылар, экономистер және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері осы мәселе төңірегінде ой-пікірлері, көзқарастары және тәжірибелерімен бөліскен еді.
Бұл ұзақ жолдың басы ғана
Еркін ТҰҚЫМОВ,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
– Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың тұрғылықты елді мекеніндегі өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей қатысуының базалық негізі деп атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 2345 жергілікті қоғамдастық бар. Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалаудың ауқымы өте кең екені анық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар, мәслихаттардың рөлі айтарлықтай өзгеруде, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасы 2024 жылы қазіргі 6-дан 13-ке дейін өседі. Сондай-ақ кеңестердің өкілеттіктерін кеңейту, ауылдық округ әкімдері аппаратын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігіне өзгерту, ең бастысы, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңын қабылдау жоспарлануда. Осы реформалардың барлығы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қалай әсер етеді? Реформалардың нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қандай моделі қалыптасуы керек? Жергілікті жерлерде азаматтар өзін-өзі басқару бойынша белсенді жұмыс істеуге дайын ба? Қазіргі таңда біз осы және басқа да мәселелерді ашық талқылауымыз қажет. Өйткені қоғамдағы өзін-өзі ұйымдастыру деңгейі қоғамның жауапкершілікті өз мойнына алу, өз позициясын белсенді түрде көрсету және шешім қабылдау үдерісіне әсер ету қабілетін көрсетеді. Жергілікті өзін-өзі басқару – институционалдық құрылым ретінде азаматтық қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруы мен дамуының маңызды элементі. Азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы олардың басқару құқығын жүзеге асыруға және мемлекеттегі шешім қабылдау үдерісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Бұл құқық жергілікті деңгейде жергілікті мәселелерді шешу кезінде барынша сапалы жүзеге асырылады. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті жерлердегі өмірді демократиялық ұйымдастырудың өзіндік мектебіне айналады. Ол қоғамды өзін-өзі ұйымдастыруға дағдыландырып, бұл мәселелерді азаматтардың мүдделеріне сәйкес сапалы шешу үшін қажет.
Қазақстанда қалыптасу және қарқынды даму барысында жергілікті өзін-өзі басқару институтының өзіндік моделі қалыптасуда. 2012 жылы Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылғалы бері белгілі бір табыстар мен нәтижелерге қол жеткізіліп, азаматтық қоғам тарапынан оң қабылдануда. Дегенмен бұл ұзақ жолдың басы ғана. Азаматтық қоғам саяси институт ретінде жетілген сайын одан әрі қайта құрулар үшін жаңа жағдайлар туындайды.
Үйлестіру рәсімдерін жеңілдету маңызды
Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси
технологиялар кафедрасының аға оқытушысы:
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесі орталықсыздандыру мәселесін шешуді талап етеді. Ол үшін ауыл, аудан және облыс арасындағы үйлестіру рәсімдерін жеңілдету қажет. Себебі саясаттанушылар мен экономистер депутаттарды партиялық тізім бойынша емес, мажоритарлық жүйе бойынша жасақтау керек деп есептейді. Ел болып, мемлекет болып үміттеніп отырған реформаның өзегі де осында жатыр. Барлық деңгейдегі басқару тізбегі мемлекеттік басқару институтының тірегі. Елдің экономикалық және әлеуметтік құрылымы сол бағытқа қарап дамиды. Жергілікті маңызы бар мәселелер жергілікті жерде шешілуі керек. Ал жергілікті өзін-өзі басқарудың өз мәселелерін шешуі үшін қаражат қажет. Қаржыны бөлу халық санына сәйкес болуы керек, сонымен қатар жиналған қаражаттың басым бөлігін жергілікті жерлерде қалдыру, тұрақты үлесті аудандарға, облыстарға және орталыққа бөлу маңызды.
Шағын ауылдар үшін кедергілер көп
Қайсар НЫҒМЕТОВ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры:
– Ең алдымен бюджетаралық қатынастарды өзгерту мәселелерін қарастыру қажет. Себебі халқы аз қоныстанған ауылдық округтер бюджеттік түсім мәселесінде кедергілерге тап болуы әбден мүмкін. 2019 жылы шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы түсімдерін республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру туралы шешім қабылданды. Енді, биылдан бастап ауыл деңгейіндегі салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрі ауылда қалады. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы облыс, аудан және ауыл арасында бөлінеді. Фискалдық орталықсыздандыру болжамы бойынша 2025 жылы ауылдық округ бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз етуі 35 пайызға дейін ұлғайтылады. 2021 жылы төртінші деңгейлі бюджет түсімінің 73 пайызы көлік салығы, 16 пайызы қосымша құн салығынан толықты. Орталықтан шалғай орналасқан елді мекендердегі бюджеттің жай-күйі осындай. Жағдай бұлай жалғаса берсе халқы, шағын және орта бизнесі аз ауылдар дотацияға немесе субсидияға тәуелді болып қалады. Географиялық жағынан ірі қалаларға жақын орналасқан және агломерациялар құрамына кіретін елді мекендер орталықсыздандырудан көбірек пайда көреді. Бұл фактор жергілікті аймақтарды дамытудағы үйлесімділіктің сақталуына кері әсер етеді.
Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасында жергілікті өзін-өзі басқарудың кірісіне қосымша аударылатын салықтардың тізбесі қарастырылған. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түскен қосымша салық түсімдерін жергілікті бюджетке аудару керек. Біз орталықтан шалғай орналасқан ауылды осындай тізбекпен ғана қатарға қосамыз. Бюджетті бөлу жалғасуы керек, әйтпесе жергілікті мекемелердің тәуелділігі сақталады. Өкілеттіктер мен құзыреттерді кеңейту экономикалық ресурстармен қамтамасыз етілуге тиіс. Бүгінгі таңда орталықсыздандырудан халық саны көп және экономикалық тиімді жерлерде орналасқан ауылдық округтер ғана ұтады.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар, халықпен кері байланыстың заманауи тетіктерін тиімді пайдалануды үйренуі керек. Бұл тұрғындар алдында ауыл әкімінің ашықтығы мен есептілігі деңгейін арттыруға жол ашады. Шешім қабылдауға тұрғындарды жұмылдыру басқару сапасын өзгертуге тиіс.
Азаматтардың белсенділігі – тиімді индикатор
Руслан АСАУБАЕВ,
қоғамдық мониторинг саласы бойынша сарапшы:
– Ең бастысы, жергілікті атқарушы органдар халықпен бірлесе жұмыс істеуді үйренуі қажет. Реформа енгізілгенге дейін жергілікті бюджеттердің экономикалық маңыздылығы ел экономикасының 1/10 деңгейінде болды. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында реформаны жүзеге асыруға байланысты ішкі жалпы өнімге кірістер көрсеткішінің 9-дан 13 пайызға дейін өскені байқалады. Сарапшылар осыған дейін жергілікті билік органдарының салық өкілеттіктері айтарлықтай шектеулі екенін талай рет айтқан. Орталықтан басқарылғандықтан, жергілікті жерлердегі мемлекеттік шығыстардың көп бөлігін (60%) қаржыландыратын орталық Үкіметке қатты тәуелді. Осыдан кейін «Жергілікті жерде шығындарды бекіту және жүзеге асыру үшін толық өкілеттік болмаса, жергілікті бюджеттер қалай тәуелсіз болады?» деген сұрақ туындайды.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті тұрғындармен байланыс пен жиындарды ұйымдастыруда қиындықтарға тап болып отыр. Бүгінгі таңда жергілікті қоғамдастық туралы жақсы заң дайындап қойғанның өзінде, оны жүзеге асыруда қиындықтар туындауы мүмкін. Қазір бізде ауыл әкімдері сайланды. Енді кеңес мүшелерін де осы жолмен сайлау керек. Бұл жергілікті қоғамдастықтардың рөлі мен жауапкершілігін арттыра түседі.
Нәтижені ел сезіну үшін нақты шешім керек
Петр СВОИК,
саясаттанушы:
– Билік халықты қызықтыратын өзін-өзі басқару жүйесінің жаңа үлгісін ұсынуы қажет. Осы жолы мүмкіндікті уыстан шығарып алсақ, қалған әңгіменің бәрі бос. Теориялық жағынан алғанда сырттай бәрі дұрыс. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң да бар. Аудандық әкімдік жанындағы мәслихат осы бағыттарды үйлестіріп отырады. Бірақ барлығы заң шеңберінде орындалса, бүгін біз талқылап отырған мәселе қазіргіден де салмақты болар еді. Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының қол-аяғын ұзартып, өкілеттіліктерін арттыру мемлекеттік басқару институтын демократияландыруды тездетеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев билікті бөлісуге және президенттік парламенттік жүйе құруға дайын екенін айтты. Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттіктері мен жауапкершілік салаларының аражігі биліктің бөлінуі арқылы анықталады. Осыған байланысты жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілеттіктерінің аражігін кезең-кезеңімен ажырату міндетін кешіктіруге болмайды. Жетіспейтін функцияларды анықтап, қосымша талдаулар жүргізілуі керек. Бұл жүйе парламенттік партияларды қалыптастырады. Бәрі айтуға оңай екенін білеміз. Дәл осы тұста мемлекеттік биліктің орталықсыздандырылуы және жергілікті атқару орындары өкілеттіліктерінің күшеюі реформалардың іргетасы ретінде қабылданады. Мен соңғысын, жергілікті атқару орындары өкілеттіліктерінің күшеюін мемлекет үшін алғашқы үштікке кіретін мәселелердің бірі деп қабылдаймын. Бұл бағыт міндетті түрде өз жемісін береді.
Рас, бұл бағыттарды алға жылжыту да қиын. Конституцияда жергілікті басқару бағыты туралы тым жұқа және түсініксіз айтылған. Жергілікті биліктің өкілеттілігі бір қаулының күшімен бір күнде орындала салмайды. Басты заңды бір күнде өзгерте салу да мүмкін емес. Әлеуетімізді шаршатып, шашыратып алмау да жұмысты ілгерілетеді. Алдымен кезең-кезеңімен белгілі бір бағыттарға басымдық берген жөн. Еуропалық үлгіге басымдық бергіміз келсе, мемлекет өзінің кейбір өкілеттіліктерін жергілікті атқару орындарымен бөлісу керек. Билік құрылымдары оған да дайын отыр. Білім, денсаулық сақтау сегменті мемлекеттің балансында қалып, өзгелері жергілікті атқару орындарының құзыретіне өтуге тиіс. Бұл үшін қалаларда немесе елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың атқарушы органын құрып, қоғамдық көлік, абаттандыру сияқты мәселелерді шешу үшін билік пен қаржы беру керек. Ауылдың мәселесіне аудан немесе облыс орталығында тұратын әкім емес, ауылдың әкімі жауапты болуға тиіс. Бұл айтылған жайттың бәрі қабылданады деп отырған заңда айтылады деп үміттенемін.
Бизнес орталықтан алыстауға мүдделі емес
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» заманауи
зерттеулер орталығының директоры:
– Бірінші фактор – орталықсыздандыруға қажетті саяси ерік-жігер. Басқарудың суперпрезиденттік үлгісі бар бұрынғы басшылық орталықтандыруға талпынды. Комитеттер, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестерінің құрылымдық қызметі туралы түсінік болмады. Сондықтан қандай үлгіге көңіл бөлу керектігі түсініксіз болды. Екінші фактор – адами фактор жайлы айтылып жатқан пікірлердің бәрінде нақтылық бар. Мен ол тақырыпқа аялдамай, үшінші фактор – экономикалық мәселелердің тереңдігі туралы айтқым келеді. Әркімнің өз экономикалық мүддесі, түсінігі болғандықтан Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, әкімдер деңгейінде дау-дамайлар жүріп жатыр. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жолға қойылмаса, 4-ші деңгейлі бюджеттен нәтиже болмайды. Жергілікті басқарудың индикаторы – бизнес. Бірақ бизнес әзірге орталықтан алыстауға мүдделі емес. Бизнес ауылдың күре тамырына қан жүгірте алмаса, қалған әңгіменің бәрі бос.
Қаржы бөлу тетіктерін айқындап алу қажет
Сарқытбек МОЛДАБАЕВ,
Мемлекеттік басқару
академиясының Алматы облысы бойынша филиалының профессоры:
– Жергілікті өзін-өзі басқарудың басты мәселесі – адамдарды өз бетінше сұрақтарды шешуі үшін біріктіру. Ауылдың әлеуетін таба білу керек. Біздің әлеуетіміз – халық. Қазақстанның әрбір аймағында ғылыми-өндірістік жобаларды ашуға мүмкіндігі бар. Цифрландырудың өз орны бар, бұл да өзекті мәселе. Ең дұрысы, бізге 2 деңгейлі басқару қажет: Бұл республика және ауыл. Цифрландыру арқылы біз бұл тізбекті оңтайландырып аралық кедергілерді жоямыз. Сонымен қатар жергілікті жерлерде мәселелерді тиімді әрі тиімді шешуге ықпал етуге тиіс. Ендігі жерде жергілікті әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктелетін болады. Бұрынғы орталықтан аударылған трансферттер тиімді пайдаланыла бермейтіні белгілі. Орталықтан бөлінген қаржы кеш түседі. Соның салдарынан жазда жөнделуге тиіс көшеге қарашада тас төселеді. Қарашада төселген тас келер көктемде ортасынан ойылып, ауыл әкімінің тұрғындар алдындағы беделіне селкеу түсіреді. Біз орталық пен орталықтан шалғай орналасқан аймақтарда қаржы бөлу тетіктерін айқындамай, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.
Ынталандыру жағы кемшін
Замир ҚАРАЖАНОВ,
саясаттанушы:
– Бүгінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қауіпсіздік мәселелерімен де, қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен де айналысады. Өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Қажеттілігі айтылғанмен, ынталандыру жағы кемшін болды. Орталық билігін аймақпен бөлісуге мүдделі болмады. Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары бар. Бұл институттар бір-бірінің функцияларын қайталамауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Бірақ азаматтарымыздан белсенділік емес, селқостық байқалып қалады. Себебі олар жоғарыдан басталған реформалардан хабарсыз немесе белгілі бір нәтиже шығарына сенбейді. Сол үшін азаматтарымыздың белсенділік танытуына көбірек көңіл бөлгіміз келсе, өзін-өзі басқару институттарын дамыту керек.
Алматы