Елордадағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы мен «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы бірлесіп, бас қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 7-11-сынып оқушылары арасында алғаш рет республикалық деңгейде өтетін Ілияс Жансүгіров оқуларының қалалық іріктеу кезеңін өткізді.
Мазмұнды іс-шараның мақсаты – мектеп оқушылары арасында ақын шығармаларын насихаттау, жеткіншектердің әдеби көркем шығармаға құштарлығын арттырып, эстетикалық талғамын қалыптастыру.
Қазақ поэзиясының алыбына арналған іс-шараның ашылуында «Астана дарыны» орталығының бөлім меңгерушісі Құралай Баяхметова сөз алып, ақын оқуларының маңызына тоқталып, байқауға келген оқушыларға сәт-сапар тіледі.
Қалалық іріктеу кезеңіне бас шаһардағы 48 мектептен, 95 оқушы қатысуға өтініш берген. Байқау үш аталымнан тұрды.
Бірінші «Ілияс – эпик ақын» атты аталымға 20 оқушыға қатысып, ақын поэмаларын жатқа оқыса, солардың арасынан №80 мектеп- гимназиясының 9-сынып оқушысы Ақерке Казимова топ жарды. Екінші «Сұлу сөздің сүлейі» аталымында 35 оқушы сыршыл суреткердің өлеңдерін, прозалық, драмалық шығармаларын мәнерлеп оқудан сынға түсіп, соның ішінен №58 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Нұрай Сапарбек ақынның 48 өлеңін мүдірмей жатқа оқып, бірінші орынды иеленді. Үшінші «Ағынды менің – Ақсуым» атты жас ақындар мүшәйрасы аталымында №86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Асылжан Әртелбектің бағы жанды.
Енді аталған үш жеңімпаз Талдықорған қаласында өтетін Ілияс Жансүгіров оқуларының республикалық байқауына қатысады.
Айта кетейік, №58 мектеп-гимназиясына Ілияс атамыздың есімі берілгендіктен енді жыл сайын ақын оқулары осы білім ордасында өтеді. Сондай-ақ жақында аталған мектепте қаламгер ұрпақтарының қатысуымен Ілияс Жансүгіров орталығы ашылады.