• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 22 Сәуір, 2022

Арал мәселесін халықаралық алаңдарда бірлесіп шешудің берері мол – Мәулен Әшімбаев

278 рет
көрсетілді

Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысының Арал ауданында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Олий Мажлисі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Жиында Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселесі сөз болды.

«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары Арал проблемасын шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бір кездері бірегей су қоймасы болған Арал қазір өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз», деді М. Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қаржыландырған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының қолға алынуы мен оның бірінші кезеңінің іске асырылуы маңызды қадам екенін айтты. Сондай-ақ Палата Спикері қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жаңа міндеттердің ауқымды кешенін қамтитын осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдай отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының платформасын барынша пайдалану маңызды екенін жеткізді. Бұдан басқа өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өзара тиімді және оңтайлы тәртібін іздестіру керектігін де тілге тиек етті.

«Бірінші кезекте Арал мәселесі бойынша қазіргі проблемаларды шешуге байланысты мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Одан бөлек белгіленген жоспарлардың іске асырылу барысына парламенттік бақылау жүргізуді тиімді пайдаланған жөн. Депутаттық корпус Арал мәселесі бойынша және өңірді дамыту жөніндегі бастамаларға қажетті заңнамалық қолдау көрсете алады. Бірлесіп бұл мәселелерді халықаралық алаңдарда да белсенді түрде ілгерілетудің де берері мол деп есептейміз. Жалпы бізде тиімді бірлескен жұмыс үшін қажетті мүмкіндіктер мен ресурстар бар», деді Мәулен Әшімбаев.