Шанхай секілді Тайвань да COVID-19 індетінің өршуіне қарамастан елде карантин жариялаудан бас тартып отыр. Бұл ақпаратты Тайвань премьер-министрі Су Цзэн-чан (Su Tseng-chang) ресми түрде мәлімдеді. Олар КВИ-ға қарсы жеңілделтілген шара қабылдап, сынға қалған Шанхайға қарағанда вируспен бірге өмір сүруді жөн көріп отыр.
Тайвань премьер-министрі елде карантин жарияламайтынын айтты, өйткені жұқтырғандардың басым бөлігінде дерттің белгілері жоқ, жеңіл симптомдар бірқатар науқаста ғана білінеді.
Тайваньда дерттің өршуі жыл басынан байқалды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаңтардан бастап барлығы 18 436 адам вирус жұқтырып, төрт адам қайтыс болған. Алайда бұл көрсеткіштің жалпы саны 23 млн халыққа шаққанда аз болып отыр. Тайвань үкіметі елдегі вакциналаудың көрсеткіші жоғары екенін алға тартып, вируспен бірте-бірте өмір сүріп, экономикалық айналымды тоқтатпауды жөн көріп отыр. Олар осылайша пандемиямен күресудің «жаңа Тайвань моделін» жасап шығармақшы. Вирусқа қарсы күрестегі мұндай қадамдарының сәтті боларына ел үкіметі сенімді, өйткені тіркелген науқастардың 99 пайыздан астамы симптомсыз немесе дерттің жеңіл түріне шалдыққан. «Біз қазіргі дертпен бірте-бірте күресеміз, Шанхай секілді алдымен жеңіл шаралар қабылдап, артынша локдаунға кетпейміз, пандемияға қарсы қатаң шаралар қабылдамаймыз. Дегенмен маска киюді жалғастыра береміз», деді Су Цзэн-чан.
Осы әркеттерінен ел Үкіметі осы айдың соңына дейін күн сайын дерт жұқтырғандардың саны 10 мыңға жетеді деп болжап отыр және бірнеше аптадан кейін індет күрт өршуі мүмкін деп ескертті. Бүгінде жергілікті билік коронавируспен күресуге қосымша вакциналар мен экспресс-тесттер санын көбейтіп, дерт жұқтырғандар мен олармен байланыста болған адамдардың оқшаулану күндерін азайту мәселесін қарастырып жатыр. Ал елге келген шетелдіктерге карантин уақытын екі аптадан 10 күнге дейін қысқартты, бұл уақыт одан әрі де қысқаруы мүмкін.
Бүгінде Тайвань халқының 80 пайызға жуығы толық вакциналанған және 60 пайызға жуығы екпенің бірінші компонентін алған, ал маска тағу талаптары сақталады. Пандемия басталғалы бері елде 47 100 адам инфекция жұқтырып, індеттен 856 адам қайтыс болған.
Әлемді алаңдатып отырған Шанхайдағы жағдайға тоқталар болсақ, жергілікті билік «жұма күні қалада ковид жұқтырған 12 адам қайтыс болды» деп хабарлады, бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 адамға көп. Ал Қытайдың қаржы орталығы бір күнде коронавирустың 20 634 жаңа жергілікті симптомсыз жағдайын тіркеді, бір күн бұрынғы мәлімет бойынша 15 698 адамға еселенген. Симптомдары бар жаңа жағдайлардың жалпы саны бейсенбідегі көрсеткіштен 1,931-ден 2,736-ға жетті. Сенбі күні елдің ұлттық денсаулық сақтау басқармасы өткен жұма күні ковид жұқтырғандардың саны 24 411 жеткенін хабарлады, бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 598-ге өсті.
P.S. Жылына 10 млн туристі қабылдайтын Тайваньның бұл әрекетіне әлем сарапшылары алаңдап отыр. Дерттің өршіп, әл бермей кеткен кезінде шекарасын бекітіп, қатаң карантин жариялаған Шанхай билігіне наразы болғандар да аз емес. 23 млн халқы бар Тайвань билігінің қатерлі дертпен күресу саясатының дұрыс немесе бұрыстығы келер күннің еншісінде...