Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі жаңашылдықтарды жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл:
- Түлектердің өтініші мен қалауын ескере отырып, биыл грантқа үміткерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді.
Бұл ретте талапкерлер екі мүмкіндікте бейінді пәндердің бір комбинациясын ғана таңдай алады.
- «Құқық» білім саласы бойынша шекті балл өзгерді және 75 балды құрады. Білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер жоқ.
- ҰБТ-ның базасына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша тест тапсырмаларының саны өзгеріссіз сақтала отырып контекстік тест тапсырмалары енгізілді.
- Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша тестілеу уақыты (40 минут) берілді. Сонымен қатар, оларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды.
- ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі, сондай-ақ металдардың белсенділік қатары қосылған тұздардың ерігіштік кестесі болады.
- ҰБТ-ға қатысушыларға тестілеу аяқталғаннан кейін экранда, сондай-ақ Жеке кабинетінде жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады. Бұл тестіленушілерге әр пәнді меңгеру деңгейін түсінуге мүмкіндік береді.
- Академиялық адалдықты сақтау мақсатында тестіленушілердің тест нұсқасы таңбаланатын болады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысының жеке тест нұсқасы болады.
Ереже бұзған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда ереже бұзушылар анықталып, олардың нәтижелері жойылады.
Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі.
Енді әр тестіленушінің тест тапсыру орнында жеке басын (Face ID) сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.
2022 жылғы түлектер үшін одан да көп білім орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр.
Сабақтар орталықтардың YouTube арнасында тікелей эфирде өтеді, олар міндетті түрде сақталады.
Осылайша, тестіленушілер ыңғайлы және қобалжусыз ҰБТ тапсыруы үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, тестілеу орталығы ҰБТ-2022 бейнежазбасын күнтізбелік жыл соңына дейін қарайды, сондықтан барша талапкерлерді академиялық адалдықты сақтауға шақырады.